Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері әлі толық жинақталып біткен жоқ – Сұлтанхан Аққұлы

Тарихи тұлғаның қайраткерлігі бүкіл түркі жұртына ортақ, сондықтан, оның өлшеусіз мұрасын жұмыла зерттеп, саяси-тұлғалық бейнесін танытатын уақыт жетті. Алматыда өткен «Ахмет Байтұрсынұлы-Ұлт ұстазы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар осындай пікір айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конференция ғалым-реформатордың туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Мерейтой қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының 12 томдығы жарық көрді. Жинаққа бұрын-соңды жарияланбаған «Шаруашылық өзгерісі» мақаласы және орыс тіліндегі еңбектері кірген. Бұл түпнұсқа туындылар қазіргі заман көзқарасымен қайта зерделенуі керек. Осы секілді Ахаңның әлі де қолға түспеген қолжазбалары бар,-дейді зерттеушілер. 

Кенжехан Матыжанов, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

- Мәселен, осы соңғы кездің өзінде Ахаңның Ленинге жазған үш хаты табылды. Осы үш хаттың өзінде Ахаңның бүкіл ұлттық ұстанымы, саяси көзқарасы айқын ашық көрінеді. Жаңа тәуелсіз сананың тұрғысынан қайтадан зерттеу керек.

Сұлтанхан Аққұлы, «Алаш» ҒЗИ директоры:

- Ахаңның айдауда жүрген кезінде «Мәдениет тарихы» деген қолжазба еңбегі бар деген сөз бар. Біріқ ол еңбегі әзірше табылмай жатыр. Қуғында жүрген кезде Әлихан Бөкейханов 1934 жылы босатып алғанда Ахаң алдымен Мәскеуге Әлиханның үйіне келіп 1-2 күн түнеп сол еңбегін қолжазба күйінде Ахаң Әлекеңе тапсырып кетті деген әңгіме бар. 000608 Болашақта Ахаңның біз білмейтін әлі талай талай еңбегі табылатынына ешқандай күмән жоқ.