Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлем чемпионатына қатысып жатыр

Биыл бұл интеллектуалды дода Германияда өтіп, оған әлемнің түкпір-түкпірінен 70-тен астам елдің өкілі барған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің құрамада 10 топ бар. Сөйтіп роботтардың халықаралық сайысына біздің жастар не апарды? Қандай жобаларымызбен мақтана аламыз? Робот техникасы чемпионатына әлемнің ең дарынды инженерлері мен құрастырушылары қатысады. Биыл оған 73 елден 400 команда келіпті. Бұл жарыс пандемия басталғалы алғаш рет өтіп отыр. Роботтың түр-түрі бар. Мысалы, мынау төтенше жағдайдың ауқымын айқындайтын құлтемір. Ал мында лего робот-көмекшілер ем ісіне көмектесіп тұр. Олимпиадаға біздің елден жалпы білім беретін және Назарбаев зияткерлік мектептерінен 10 топ келген. Олар аймақтық және республикалық іріктеуден өткен үздіктер.

Әмина Қаныбек, қатысушы:

Қазақстанның атынан шығатын болған соң тағы да жарысқа түстік. Үш күн бойы өте қиын болды, себебі өзіміздің қарсыластарымыз да мықты болды Қазақстанның өзінен. Күнде дайындалып, дәл осылай Қазақстанды жарып шығып, әлемдік жарысқа келіп отырмыз. Қазіргі таңда роботтарымыз жарысуда. Жапония, Тайланд, Филиппин сол елдер өте қатты дайындалған біз соларға қарсы өзіміз сенімділікпен роботымызбен жүріп жатырмыз.

Жарысқа қатысушылар 4 түрлі санат бойынша бақ сынайды. Биылғы жылдың тақырыбы «Менің роботым – менің досым» деп аталады. Сондықтан көмекші, құтқарушы, қамқоршы құлтемірлерді көптеп кездестіруге болады.

Олжас Тойлыбаев, қатысушы:

Мына жердегі көрініс басқаша екен. Бұл жерде барлығы жақсы дайындалып келген. Өте тамаша, атмосфера күшті. Біз Гананы ұттық және Біріккен Араб Әмірлігін екі команданы ұттық. Ойын жақсы өтті, қарсыластарымыз жақсы дайындалған.

Серік Ахметов, Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі:

– Саралап қарап көрсек, біздің оқушыларымыздың жасаған жұмыстары, роботтары басқа мемлекеттердің жұмыстарына қарасақ, бәсекеге талапқа сай. Бұл жарысқа қатысудың біріншіден, үлкен мақсаты оқушылар үлкен тәжириебе алады, жан-жақты көреді, қандай басқа шешімдер жасап жатыр бұл салада. Біз оқушыларды техникаға, роботехникаға, программалауға сондай салаларға баулыміз және де елімізде осы салаларды болашақта датымуға өз үлесін қосады деп ойлаймыз. 

Робот техникасы бойынша алғашқы олимпиада 2004 жылы Сингапурда өткен. Содан бері жыл сайын әр елдерде ұйымдастырылып келеді. Қазақстан да осы жиынды өткізуге өтінім беруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский