Ыбырай Алтынсарин туралы түрікшеге аударған Экрем Аян Қостанай өңіріне келді

Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен қызметін түрік тіліне аударған Экрем Аян Қостанай өңіріне келді.

Мақсаты ағартушының еңбектерін күллі түркі әлеміне әрі қарай насихаттау. Экрем Аян Түркияның Мугла қаласындағы университетте қызмет істейді. Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» атты шығармасымен танысып, оны әрі қарай зерттеуге қызығушылығы оянған. Осы уақытқа дейін ағартушының бірнеше туындысын түрік тіліне аударып, өзінің зерттеу кітабын жарыққа шығарды. Ғалым бұл сапарында Ыбырайдың туып өскен өлкесімен танысуды мақсат етеді. Сонымен қатар Арқалық қаласының студенттеріне он күн бойы дәріс оқиды. Экрем Аян – қазіргі Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған, Алтынсарин бастаған алаш арыстары деп есептейді.

Экрем Аян, түрік ғалымы:

- Негізінен тәуелсіздік соғыспен келеді. Ал бірақ біз білеміз, Қазақстанның егемендігі Алтынсарин, Абай, Байтұрсынұлы, Дулатұлы тәрізді тұлғалардың қаламының қуатымен келді. Яғни, қазақтың егемендігі үшін ұрыс қаламмен жасалды. Сол қаламның еңбегімен Қазақстан 91-ші жылы Тәуелсіз ел болды.