Шымкенттік робототехниктерге қаржылай сыйақы тағайындалды

Дүниежүзілік олимпиадада екінші орынға ие болған Шымкенттік робототехниктерге бір миллион теңгеден сыйақы тағайындалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржылай қолдау қалалық Білім басқармасының тарапынан оқушылардың ата-анасының есепшотына аударылады. Бұл туралы «Дарын» орталығының өкілдері мәлімдеді.

Еске сала кетейік,  73 елден 365 команда қатысқан интеллектуалды дода Германияның Дортмунд қаласында өтті.

Роботтардың халықаралық сайысында жерлестеріміз Иманғали Мыңжасар мен Бейбарыс Михаш науқасқа көмек көрсететін құлтемір құрастырған. Роботтың бағдарламалау жүйесі мен мінсіз құрылымы қазылардың жоғары бағасына ие болды.

Олимпиадаға біздің елден жалпы білім беретін және Назарбаев зияткерлік мектептерінен 10 топ қатысты. Олар аймақтық және республикалық іріктеуден өткен үздіктер.

Бейбарыс Михаш, №26 жалпы орта мектебінің оқушысы:

- Біздің робот больницадағы науқастарға көмектеседі. Науқастың барлық жағдайын жасап береді. Оларға су керек болса суын әкеліп береді. Іші пысса, зеріксе олармен ойнайды шарикпен. Кір киімдерін алып, кір жуғыш машинамен түс-түсімен қойып жуып береді.

Иманғали Мыңжасар, №9 IT лицейінің оқушысы

- Менің ойымша біздің стратегия өте мықты болды. Ол роботтың траекториясы, жүруі, конструкциясы да. Біз 485 ең үлкен максимумнан 371 жинадық. Ал бірінші орын алған команда 394 жинады.