Абай облысы Жыланды ауылында жаңа мектеп ашылды

Абай облысының Бесқарағай ауданының Жыланды ауылында 100 орындық жаңа мектеп ашылды.

Білім ордасын салуға облыстық бюджеттен 500 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Айта кетейік, бұл елді мекеннің балалары бұған дейін апатты деп танылған ескі ғимаратта білім алған болатын.

Жыланды ауылындағы ескі мектепте дене шынықтыру сабағы бұған дейін далада өткізілген. Ағаштан салынған ғимаратта спорт залы да, акт залы да болмаған. Жетпісінші жылдары тұрғызылған нысан 2019 жылы апатты деп танылыпты. 

Қазір Жыландының балалары дене шынықтыру сабағын жарқыраған спорт залында өткізіп жүр. Мұнда тіпті жуынатын бөлме де бар. 

Елтайыр Бейсекенов, оқушы:

- Жаңа мектеп күшті. Футбол ойнаймыз. Эстафета ойнаймыз. Спорт залымыз үлкен. 

Мектептің салынғанын сан жыл тағатсыздана тосқан ата-аналар мен мектеп мұғалімдері «жаңа ғимарат бізге жаңаша көңіл-күй сыйлады» дейді.

Жансая Сапарғалина, ауыл тұрғыны:

- Бұрын мектебіміз апатты болғандықтан балалармызды жібергенге қорқатын едік. Жаңа мектеп салынып, қуанып жатырмыз. 

Алина Лейменова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Енді бізде коворкинг орталығы бар. Кітапхана кең. Бір мезетте бірнеше сыныптың оқушысы сияды.  

Биыл көктемде құрылысы басталған мектепке облыстық бюджеттен жарты миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Екі қабатты ғимаратта қазір 69 оқушы білім алып жатыр. Айта кетейік, бүгінде өңірдегі мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Осыған орай аймақта 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланып отыр.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов