Ақтөбе облысында баланы мектепке дейінгі мекемемен қамту мәселесі толық шешіледі

Ақтөбе облысының Мәртөк ауылында бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйыммен қамту мәселесі бірер айда толық шешілмек.

Бұл проблема ұзақ жылдан бері ата-аналар мен жергілікті әкімдікке ортақ болған еді. Себебі аудан орталығындағы бес балабақша әлдеқашан бүлдіршіндерге толған. Ал 30 бала орын болмағандықтан үйде отыр. Енді жыл соңына дейін Мәртөкте жаңа 150 орындық мектепке дейінгі ұйым пайдалануға беріледі. Жеке кәсіпкердің қаржысына салынып жатқан нысанның құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Жаңа ғимаратта балалар үшін барлық жағдай жасалады. Бүгінде мұнда тәрбиеленетін бүлдіршіндердің тізімі жасақталған. Ал аудан бойынша қазір 300 бала балабақша кезегінде тұр. Оларды да кезең-кезеңмен қамту көзделіп отыр. 

Шынаргүл Мұханғалиева, құрылтайшы:

- Мұнда жеті топқа дейін жоспарлап отырмыз қазіргі таңда. Қазақ тілімен және орыс тілінде оқитын топтар болады. Қосымша ағылшын тілі, хореография, логопед, спорттық секциялар қарастырылған.