Екібастұзда балабақшалар жабылып, сабақ онлайнға ауыстырылады

Жылу желісіндегі ақауға байланысты Екібастұзда балабақшалар уақытша жабылды.

Ал мектеп оқушылары қашықтан оқытылады. Қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері болса, Павлодарға жөнелтілді. Сондай-ақ жергілікті ауруханада қосымша жылу қондырғылары іске қосылды. Мұндағылар да алдағы уақытта облыс орталығына көшірілуі мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов өзінің инстаграм парақшасында хабарлады. Еске сала кетейік, бүгін шаһардағы жылу электр станцияларының бірнеше қазандық агрегаты істен шығып, қала халқы жылу мен, ыстық сусыз қалды. Барлығы 15 ақау анықталған, қазір оның алтауы жөнделді. Бұған дейін облыс әкімі қаладағы қауіп сейілген жоқ -деген болатын. Бүгінде Екібастұзда 700-ден астам көпқабатты үй бар. Аймақта аяз қаһарына мініп тұр. Өңірде сынап бағаны 30 градустан төмен.