loader


Рудныйда жаңа мектеп бой көтереді

Рудный қаласында жаңа мектеп бой көтереді.

Мың екі жүз орындық білім ордасының құрылысын Еуразиялық топ қаржыландырады. Жобаның құны бес миллиард теңгеге жуықтайды. ERG (ЕРДЖИ) директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов тиісті меморандумға қол қойды.

Еуразиялық Топ мектеп құрылысын екі жылдың ішінде аяқтауды жоспарлаған. СМАРТ негізіндегі білім ұясы заманауи жабдықтармен қамтылады. Яғни кеншілер қаласының оқушылары жаңа форматта білім алу мүмкіндігіне ие болады. 

Александр Машкевич, ERG Директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз үшін мемлекет басшысының әлеуметтік жауапкершілік туралы тапсырмасын орындау ерекше мақтаныш. Кейінгі кезде компания білім саласына сүбелі үлес қосып келеді. Мысалы, «ERG мектепке» атты жоба Павлодар, Ақтөбе, Қостанай облысындағы сегіз мың мектепті біріктіріп, 600 мың оқушыны қамтиды.   

Мектеп ERG қаржысы есебінен салынатын жалғыз нысан болмайды. Бұған дейін компания Рудныйда мешіт пен шіркеудің құрылысына атсалысты. Шаһардағы жылу құбырларын жөндеді. Сонымен қатар Қашар кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені де Еуразиялық Топтың қаражатына салынды.  

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Еуразиялық топтың кәсіпорындарымен бірлесіп жыл сайын әлеуметтік маңызға ие нысандар бой көтеріп келеді. Олар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағдарланған. Қостанайда Жастар сарайы салынып, әуежай қалпына келтірілді. Лисаков, Рудный, Арқалық қалаларында компания қаржысына бірнеше нысан тұрғызылғанын атап өтуге болады. 

Келісім аясында аймақ мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта 120-ға тарта бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Александр Машкевич, ERG Директорлар кеңесінің төрағасы:

- Өскелең ұрпақ заманауи, инновациялық жағдайда білім алуға құқылы. Болашағамыздың баянды болуы балаларымызға байланысты. Біз арнайы әдістеме әзірлейміз. Оның жұмысы оқушылардың қазіргі цифрлық әлемге бейімделуіне бағдарланады. 

Жалпы 27 жыл ішінде ERG-дің аймақтарға бағыттаған инвестиция көлемі бір миллиард доллардан асты. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...