Алматыда студенттер бейбіт атом туралы пікір таластырды

Алматыда еліміздің бірнеше өңірінен келген студенттер «Бейбіт атом - қуатты энергия» тақырыбында дебат өткізді.

Жарысқа 60 команда қатысты. Жастардың бір бөлігі әлсіз тұсын айтып, энергияның бұдан да қауіпсіз түрін табуды ұсынды. Олар - қолданылған ядролық отынды сақтау мен радиацияның ықпалын бұл жүйенің кемшін тұсы деп есептейді. Ал оппоненттері болса: Атом электр станциясын салу керек,-дейді. Бүгінгі таңда Қазақстан энергияның 70 пайызын көмір пайдаланатын Жылу электр орталықтарынан алады. Париж келісіміне сәйкес 2060 жылы одан бас тартуға тура келеді. АЭС жақтаушылары атом станциясы парниктік газдардың шығындыларын азайтады деп санайды. Бүкіл әлемдегі энергия тапшылығы кезінде экологиялық жағынан таза электр энергиясының көздері адамзаттың қажеттілігін өтей алмайды. Студенттік дебаттың мақсаты - жастардың дүниетанымын қалыптастыру.   

Алуа Қайырбек, студент:

- Бүгінгі турнир біз үшін өте керемет деңгейде өтуде. Бір жақ тарап атом электр станциясын қолдайтын болса, екінші тарап ол керісінше өзінің басқа да бір ойларын жеткізуі мүмкін. Сол себептен біз бұл турнирде өте мықты ойыншылар жеңеді деген үміттеміз.

Зарема Абдуллина, Г.Дәукеев атындағы АЭЖБУ университетінің жастар саясаты жөніндегі департамент директоры:

- Бұл өзекті тақырыптың бірі. Электр энергиясын өшірсек бүкіл әлем тоқтап қалады деп бекер айтпаған. Сондықтан жастардың осы мәселені талқылауы орынды. Олар пікірталасқа қатысып қана қоймай біздің болашағымызға да өз үлестерін қосады.