loader


Парижде Қазақстанның жоғары білім жәрмеңкесі өтті

Қазақстандық студенттердің Францияда білім алу мүмкіндігі жеңілдеп, отандық ғалымдар француз әріптестерімен бірлесіп, зерттеу жүргізе алады.

Екі елдің білім және ғылым саласында тығыз ынтымақтастық орнамақшы. Тіпті ректорлардың жыл сайынғы форумын ұйымдастыру да көзделіп отыр. Толығырақ тілші материалында. 

Париждің қақ ортасындағы Қазақстанның жоғары білім жәрмеңкесі. Астаналық және өңірлік жоғары оқу орындарының өкілдері француздармен жақынырақ танысу үшін елшілікте бас қосты. Қол қойылған ынтымақтастық туралы декларацияның арқасында қазақстандық университеттер Францияның үздік жоғары оқу орындарымен тікелей жұмыс істей бастайды. 

Мануэль Буар,  Франция Жоғары білім мен ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілі:

- Франция Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл халыққа, атап айтқанда, Қазақстан жастарын жұмыспен қамтамасыз етуде пайдалы болады. Сондай-ақ ғылыми ынтымақтастығымызды дамытады. 

Әріптестіктің осы жаңа кезеңі елімізде Франция университеттерінің филиалдарын ашуға мүмкіндік береді. Оған қоса, бірлескен зерттеу орталықтарының құрылуы – ғылыми жетістіктерімізді жаңа деңгейге көтереді. Бала туу көрсеткіші жоғары Қазақстанда болашақта тұтынушылық сұраныс та артады. Ал бұған алдын ала дайындалу керек. Әлемдік университеттерді елге тарту қазақстандық дипломдардың беделін өсіреді, яғни өңірлік білім беру хабына айналуға мүмкіндігіміз болады. 

Саясат Нұрбек, Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрі:

- Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазір аймағымызда, өңірімізде болып жатқан жағымсыз, өкінішке орай, процестер де бізге үлкен мүмкіндік береді. Қазақстан енді  жанындағы көрші мемлекеттерге, Пәкістан, Үндістан,  Бангладеш, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, басқа да елдерге  үлкен оқу орны, үлкен академиялық ұтқырлық хабы ретінде қалыптасуға бүкіл мүмкіндіктер бар. 

Францияға ресми сапары барысында Президент Қ. Тоқаев атом энергетикасы үшін мыңдаған маман дайындалатынын жариялады. Халықаралық бағдарламалар орталығы Францияның ғылыми және өндіріс алаңдарымен ынтымақтаса жұмыс істейді.

Карен Дайфуку, Ядролық энергетика орталығының атқарушы директоры:

- Францияда бұл жүйе өте күрделі және шетелдік серіктестер бастапқыда қайда барарын бірден түсіне қоймайды. Мәселен ядролық қалдықтар өңдеуге қатысты немесе ядролық қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлерін дайындау керек болса, біз бұл істі жеңілдете аламыз. Бұл әрине әртүрлі құзыреттер. Біз түрлі серіктестерді осы жұмысқа тартып, мамандар оқытуды ұйымдастыра аламыз.

Қазақстандық студенттер қазірдің өзінде Франция университеттерінде тегін оқып жатыр. Қос ел ынтымақтастығының жаңа кезеңі осы мүмкіндіктердің ауқымын одан әрі кеңейтеді. Алдағы уақытта ректорлар Форумын жыл сайын өткізу көзделіп отыр.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

 

Сондай-ақ...