Көкшетау университеті Оңтүстік Кореяның 5 университетімен ынтымақтастық орнатты

Қазақстандық делегация Сеулдегі елшілігіміздің көмегімен Кореяның үздік оқу орындарын аралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі Көкшетауға корей тілін үйретуге өз қызметкерлерін жіберуге келісті. Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің оқытушылары корей студенттеріне қазақ тілін үйретеді. Сондай-ақ техникалық мамандықтар бойынша қос диплом әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы үш жыл ішінде Қазақстанда кемінде 5 шетелдік университеттің филиалын ашуды тапсырған болатын.

Жайлагүл Сағындықова, Көкшетау университетінің проректоры:

- Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазір Қазақстандағы жоғары оқу орындары шетел университеттерімен стратегиялық әріптестікті дамытуға ден қойды.  Негізі IT, киберспорт пен педагогикалық салаларда қосарланған бағдарламалар болады. Алдағы уақытта филиалдар ашу мәселесін көтеруді жоспарлап отырмыз.