Көкшетауда жас педагогтер форумына 13 аймақтан мұғалім қатысты

Білімді жастар – жарқын болашақ. Көкшетауда дәл осындай атаумен 5-жас педагогтер форумы өтті.

Ауқымды шараға республиканың 13 аймағынан келген жас ұстаздар қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін шыңдады.

Арман Нұрмұхамбетов осы  форумға қатысу үшін Ерейментау ауданынан арнайы келіпті. Шара барысында жас педагог көрнекі ақпаратты пайдаланудың түрлі әдісін көрсетті.  Ол осындай тың материалдар оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы мен құлшынысын арттырына сенім білдірді. 

Арман Нұрмұхаметов, мұғалім:

- Әрине тақырыпты жай айтқаннан көрсеткен дұрыс болып табылады. Яғни тарих, география, қазақ әдебиеті сабағында көрсетіуге болады. Форум жақсы бір бастама деп ойлаймын. Себебі жастарға бір-бірімен диалогтық алаң құру арқылы тәжірбиелерімен бөлісіп, оны таратуға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Айталық, бүгінде облыс бойынша Арман сияқты 1200-ге жуық жас педагог еңбек етеді. Биыл олардың қатары тағы 450 маманмен толыққан. Қазіргі таңда жас ұстаздарға материалдық көмектен бөлек көрсетілетін әдістемелік қолдау да зор. 

Ләззат Сұрағанқызы, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры:

- Бұл форумның негізгі мақсаты жас педагогтардың кәсіби дамуына үлес қосу және әдістемелік көмек көрсету. Тәжірбие алмасу барысында қатысушылар өздеріне қажетті, маңызды мәлімет алады деген сенімдемін.

Форум соныңда белсенді педагогтар ақшалай сыйақымен марапатталды. Ал жас мамандардың тәжірибесі толығатын осындай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко