Ақтөбе облысында тірек мектеп ашылды

Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылындағы білім ордасы үлгілі оқу орындарының біріне айналған.

Негізгі материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқушылардың шығармашылығын шыңдауға жағдай жасалған. Ең бастысы аймақтағы тағы 3 мектепте білім сапасын арттыруға мүмкіндік туып отыр. 

Назерке Сүлейменова қысқы демалыстан оралған сәтте он жыл білім алған мектебімді танымай қалдым дейді. Су жаңа парталар мен электронды тақта, қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған зертханалар ауыл балалары үшін күтпеген сый болған. 

Назерке Сүлейменова, Бестамақ орта мектебінің оқушысы:

- Бұрын компьютер, ноутбук барлығымызға жетпейтін. Қазір бас-басымызға жасап, отырып қолдана аламыз. Химия кабинетінде құрал-жабдықтар жаңадан. Тәжірибелер жасап, жаңадан көріп, қызықтап оқып жатырмыз.

Тірек мектептердің әлеуетін арттыруға бағытталған жоба аясында бұл білім ордасына «Қазақстан халқына» қорынан 250 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Химия мен физика, информатика пәндерінен бөлек еңбек кабинеті, арт-студия мен стем-зертханасы жарақталды. Робототехникаға қажетті құрал-саймандар мен заманауи үлгідегі кітапханасы да бар. Нәтижесінде оқушылардың сабаққа қызығушылығы санаулы күн ішінде артқан.

Айгүл Ысқақова, Бестамақ орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі:

- Зертханалық жұмыстарды бұрын біз виртуалды түрде өткізетін болатынбыз. Қазіргі таңда реактивтерді пайдалана отырып толық зертханалық жұмыс өткізуге мұмкіндік алдық. Оқушылардың қызығушылығы әрине байқалады. Барлығы да химия кабинетіне келуге асығады.

Білім беру жүйесі Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісіне сай жасақталған. Педагогтар аталмыш оқу ордасында біліктілігін арттырып, бала оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін игерді. Тірек мектептің ұстаздары ендігі кезекте өз тәжірибесімен өзге де әріптестерімен бөлісіп, көрші білім ордаларының оқушыларына дәріс беруі тиіс.

Анар Истегулова, Бестамақ орта мектебінің директоры:

- Бірыңғай кесте құру жоспарланып отыр. Жаңағы магнит мектептеріміз бар ғой үш мектеп. Сонымен біздің мектептің сабақ кестесі бірыңғай орналастырылып, химия болатын күні мысалы олардың оқушыларын біздің мектепке алып келіп, химияны ортақ өткізуге жоспарлап отырмыз.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айырмашылығыны қазір 15 процент төңірегінде. Мұның басты себебі қажетті материалдық-техникалық база мен білікті мамандардың тапшылығында. Сондықтан бұл үрдісті азайту мақсатында өңірде «Білім ал» жобасы да жүзеге асырылуда. 

Нұргүл Бертілеуова, облыстық Білім басқармасы басшысының м.а.:

- Облыстағы 120 ауыл мектебінде қазіргі таңда ірі, жетекші, дарынды балаларға арналған мектептердің 35 үздік ұстазы химия, биология, география, физика және ағылшын тілі пәндері бойынша сабақ беруде. Бұл ауылдағы бірнеше пәнді біріктіріп оқытатын ауыл мектептерінде кадр тапшылығын жою мақсатында.

Қазір Ақтөбе облысында 282 ауыл мектебі бар. Олардың 204-і шағын жинақты. Аталған оқу ордаларында білім беру сапасын арттыру үшін өңірде тағы 4 тірек мектебін ашу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков