Мектеп оқушыларына үйден түскі ас әкелуге рұқсат берілді
Осыған байланысты білім ордалары тоңазтқыш, жылытқыш сынды құрылғылармен жабдықталып жатыр. Жаңа ережеге барлық мектептер бейімделіп үлгерді ме?
Саида 8 сыныпта оқиды. 5 жыл бойы гимнастика және бимен айналысып жүр. Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануды қолға алған. Оқушының түскі ас мәзіріне тек қайнатылған тағамдар, көкөніс, жеміс және ақуыз кіреді.
Саида Саркина, оқушы:
- Мен өзіммен тамақты алып келемін. Себебі мен спортпен және бимен айналысамын. Сол үшін мен дұрыс тамақтануды таңдаймын. Біздің мектепте бұл жағдай қарастырылған. Бірінші қабатта, асханада тоңазытқыш пен балаларға арналған микротолқынды пеш бар.
Мектепке үйден әкелетін тамаққа шектеу жоқ. Балалардың түскі асы тексерілмейді. Себебі оны ата-аналар оқушының талғамына сай салып береді.
Дана Мақтаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балаларды әлеуметтік-құқықтық қорғау басқармасының басшысы:
- Бұл бастама негізінен денсаулығына байланысты белгілі бір диетаны қажет ететін балаларға арналған. Әлемнің көптеген елдерінде балалар мектепке түскі асты үйінен алып келеді. Осыған байланысты біз мектептегі түскі ас мәселесіне өзгеріс енгіздік. Енді оқушылар өздерінің тамақтарын асханада отырып ішуге құқылы.
Көп ұзамай, елдегі мектептердің барлығы жаңа ережеге бейімделеді. Асханалар да жұмысын жалғастыра береді. Сондықтан балаға түскі ас беру немесе түскі астың ақшасын беруді ата-ананың өзі шешеді.
Қанат Әбілмажинов, мектеп директорының орынбасары:
- Мектепті түгел жабдықтап қойдық. Балалар өздерімен бірге тамақ әкеліп, тоңазытқышта сақтай алады және оған ешкім түртпейді. Микротолқынды пешке салып, жылыту мүмкіндік де бар.
Мектеп асханасындағы түскі астың орташа құны 600 теңге. Осылайша, ата-аналар қазір жалғыз оқушының түскі асы үшін жылына 100 мың теңгеге дейін шығындалады.
Авторлары: Бекзат Аманов, Индира Ахат, Руслан Алиев