Елімізде ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші артты
Өткен жылы еліміз бойынша жоғары оқу орындарын бітірген студенттердің 67%-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова мәлімдеді.
Оның айтуынша, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жалпылама 79%-ті құраған. Ал жұмыс іздеу орта есеппен 97 күн, яғни, 3 айға дейінгі мерзімді көрсетеді. Бұл тұрғыда жұмыс берушілердің еліміздегі жоғары оқу ордаларындағы білім сапасына деген сенімі артқанын байқауға болады, - дейді комитет төрағасы. Сондай-ақ еңбекпен қамту бойынша тізімде 1-ші орынды Батыс Қазақстан, Алматы және Атырау облыстарының студенттері тізгіндеді. Ал ең төменгі сатыда Қызылорда мен Түркістан аймақтарының түлектері тұр.
Гүлзат Көбенова, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы:
- Білім беру бағдарламалары 19 критерий бойынша бағаланды. Рейтинг әдістемесі ЖОО-мен, қоғамдық қызмет сарапшыларымен ашық талқылау нәтижесінде қабылданды. Тиісінше рейтинг әдіснамасы үнемі жетілдіріліп отырады. Жұмыс берушілер тарапынан қанағаттанудың өсуі байқалады. 3 жылдағы динамика өсімі 15%-ті құрап отыр. Бұл жақсы нәтиже деп ойлаймыз.