Қарағандыдан 300 шақырым қашықтықта жатқан шалғай ауылда үлгілі мектеп бар
Ақтоғай ауданындағы Күләш Бәйсейітова атындағы білім ошағының материалдық-техникалық базасы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен толықтай жаңартылған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оқушылар мен ұстаздардың қуанышында шек жоқ. Бұл – әзірге облыс бойынша игі жобаға енген алғашқы тірек мектеп.
Мектептің кіре берісінде тұрған бұл ақылды тақтада барлық ақпарат жазылған. Оқушылар сабақ кестесін, үй тапсырмасын, басқа да мәліметтерді осы жерден біле алады.
- Мысалы, бүгін дүйсенбі ме? Бұл мұғалімде қай уақытта, қай сабақ? Әр сабақтың кестесі, әр мұғалімдікі бөлек жазылған.
Құрылғанына 40 жыл болған ескі мектептің материалдық-техникалық базасы биыл толық жаңарды. 24 пән кабинеті мен шеберханаларға керек-жарағы түгел алынған. Ол үшін «Қазақстан халқына» қоры 250 млн теңге қаржы бөлген. Оқушылардың қуанышында шек жоқ. STEM-зертхана, АРТ-студия, жаратылыстану, физика, химия сыныптарындағы су жаңа құрылғылар балалардың сабаққа деген ынтасын арттыра түскен.
Әсем Нұрбай, оқушы:
- Бұрынғыға қарағанда қазір біз көп тәжірибе жасаймыз және зертханалық жұмыстарды да көп жасаймыз. Қазіргі таңда балалардың сабаққа деген қызығушылығы артты.
Мұнда жиһаздардың бәрі жаңа. Заманауи үлгідегі кітапхана бар. Тіпті өздерінің жеке телестудиясын ашқан. Онда оқушылар шығармашылықпен айналысады. Робототехника, аквапоника сыныптары да балалардың сүйікті орнына айналған. Ал еңбек сабағын өткізетін бөлмелер заман талабына сай жабдықталыпты.
Нұргүл Жарылғапова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Бұл, әрине, оқушылардың дүниетанымын кеңейтеді. Сонымен қатар функционалды сауаттылығын дамытуға, оқу процесін қызықты әрі тиімді ұйымдастыруға көп көмегін тигізіп жатыр. Келген мына жабдықтар зерттеу жұмыстарын жүргізуге өте қолайлы. Бұл балалардың танымдық іс-әрекетін келешекте кәсіби бағдарға бағыттайды деп ойлаймыз.
Мектепте қазір 378 оқушы оқиды. 50 мұғалім бар. Жаңа әдістеме, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу үшін ұстаздардың жаппай біліктілігін жетілдіріп жатыр.
Құралай Амралина, мектеп директоры:
- Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері, содан кейін педогогикалық шеберлік орталығының мұғалімдері келіп, біздің мұғалімдердің біліктілік санатын көтеру жолында қаншама еңбек жасап жатыр. Семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, курстар өткізіп жатыр.
Әзірге бұл – қордың көмегімен жаңарған аймақтағы алғашқы мектеп. Биыл облыстағы тағы 3 мектеп осы жобаға енгелі отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.