Ауған жастарының Қазақстанда білім алуы жалғасады
Бұл жоба Еуроодақтың қаржыландыруымен және Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен жүзеге асырылып келеді.
Оның аясында Ауғанстан студенттері Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің университеттерінде тегін оқиды. 2010 жылдан бері Қазақстанда 1 мыңнан астам ауғандық маман даярланған.
Ауғанстаннан келіп, Қазақстанда жоғары білім алуды ұйғарғандардың қатарында Азада Ахмади мен Сурош Джавид бар. Екеуіде Кабулдың тумасы. Бірі экономист атанам десе, енді бірі журналистиканың қыр-сырын меңгеруде. Суроштың айтуынша, мұнда жергілікті студенттер жылы қабылдаған.
Сурош Джавид, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:
- 10 жасымда анам, 12 жасымда әкем қайтыс болған. Қазір үлкен ағам мен 3 әпкем бар. Барлығыда Ауғанстанда қалды. Менің стипендия иегері атанғанымды естігенде олар қатты қуанды. Өйткені мен өз отбасымда білімге көп көңіл бөліп, шетелде оқуды жөн көріп, грант ұтып алған жалғыз адаммын. Алдағы уақытта осы жақта қалып, магистратураға түссем деген ойдамын. Ары қарай аға-әпкелерімнің де білім алуына барынша ықпал ететін болам.
Қазақстанда тыйым салынған Талибан қозғалысы Ауғанстанда үстемдік құрып, әйелдердің құқығын барынша шектеп тастаған. Олар білім қуған қыздарға оқуға тыйым салып, спортпен шұғылдануға да рұқсат бермеген. Еуразия ұлттық университетінің 1 курс студенті Азада Ахмадидің сөзінше, ол Қазақстанға Пәкістан арқылы әрең жеткен. "Барлығыда оқуға деген құштарлық үшін", – дейді.
Азада Ахмади, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:
- Қазақстанның Кабулдегі елшілік ғимаратына барудың өзі қиын. Нысанды тәліптер күзетеді. Ал көшеде қыздар не күйеуімен, не ағасымен немесе әкесіменғана жүру керек. Жалғыз болмайды. Мені ертіп апаратын ешкім жоқ. Сондықтан тығылып, Пәкістан арқылы келдім. Шекарада ағаммен жүрмін деп айта салдым. Қуанышыма орай ешкім тексермеді. Егер мен оқуымды аяқтағанға дейін Ауғанстанда билік басында әлі тәліптер отыратын болса, менің ол жаққа қайтатын құлшынысым жоқ. Себебі бізде ол жақта ешқандай құқығымыз жоқ.
Білім алуға ұмтылған қыздар шекараны жақын туысы болып келетін ер азаматтармен ғана кесіп өте алады екен. Билік тарапынан шектеу көп болғандықтан, кейбірі онлайн түрде қашықтан оқуда. Жалпы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2016 жылдан бері 51 ауған студентіне білім беріп үлгерген. Жастардың таңдайтын мамандықтары әр түрлі, құрылысшыдан бастап экономистке дейін оқығылары келеді.
Әсем Ахметова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас маманы:
- Олар барлық құжаттарын академиялық ұтқырлық және Боллон процесі орталығына тапсырады. Сол орталық өздері әңгімелесу өткізеді және де олардың өздерінің де талаптары бар. Сол талаптарға сәйкес келетін студенттер тізіміне бізге жібереді. Білім бағдарламалары бізде 3 тілде оқытылады: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде.
Ауған жастарына жоғары білім алатын мүмкіндікті Қазақстан 2010-шы сыйлаған болатын. Ол кезде студенттерді өз қаржымызға оқыттық. Кейін 2019 жылы Еуроодақтың қаржыландыруымен және Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Оның аясында ауған қыздары Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің университеттерінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. 2019 жылы жобаға 2 млн евро көлемінде ақша құйылған.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 50 ауғандық қыздың 40-ы Қазақстанда мамандық иегері атанды. Ал 2021 жылы басталған екінші кезеңде 105 студенттің 50-і елімізде білім алу мүмкіндігін иеленді. Бұл жолы Еуроодақ 4 млн евро көлемінде қаражат бөлген.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- 2023 жылғы 19-20 қаңтарда Брюссель қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің және Еуроодақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің 3-ші отырысы өтті. Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік пен орнықты дамуды жан-жақты қолдау расталды және Ауғанстандағы әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғау жағдайының нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдірілді. Отандық ЖОО Еуроодақ қаржыландыратын және БҰҰ даму бағдарламасы іске асыратын Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда Ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламасына белсенді қатысуын жалғастыратыны расталды.
Айта кету керек, Statista халықаралық орталығының жүргізген зерттеулері бойынша Ауғанстандағы әйелдердің 88%-нің сауаттылығы төмен деңгейде.
Авторлары: Риат Шони, Мұрат Әріпханов