Қазақстан тарихы жайлы тың деректер табылды

Отандық мұрағатшылар шетел архивтерінен осыған дейін көпке беймәлім болған қазақ хандығы мен Алаш қайраткерлері жайлы тарихи құжаттарды елге әкелді.

Құнды қағаздар әлемнің 14 мемлекетінде сақталған. Оның ішінде хандардың хаттары мен ежелгі карталар бар. Бүгінге дейін тарихи оқулықтарда болмаған, зерттеулерде айтылмаған 7 мыңнан аса құжатпен қазір ғалымдар айналысып жатыр. Әріптесім Бекзат Аманов толығырақ тарқатады.

Бұл – көне шағатай тілінде жазылған Темір ханның хаты. Мұсылман күнтізбесі бойынша 918 жылы Сайбек ханға жолданған. Мұнда қазақ жерінің билеушісі Бұрындықпен мәмілеге келгені жайлы айтылады. Алайда құнды қағаз толығымен тәпсірленбеді. Мамандардың айтуынша, деректі қазақшаға аударсақ, тарихымызға қатысты тың ақпарат шығуы мүмкін. Тек шағатай тілін жетік білетін маман тапшы.

Сағила Нұрланова, ҚР Ұлттық архивінің директоры:

- Алып келген 7 мың құжатты біз ұлттық архивте өз күшімізбен зерттей бастадық. Ол құжаттардың ішінде көне шағатай тілінен аударылған құжаттар бар. Бірақ әлі толық аударылып біткен жоқ. Бұл архивтің қоймасында жатқан құжаттар әлі зерттеуге зәру. Жұмыс 2025 жылға дейін жалғасын табады. Әлі де біздің архившілер сондай экспедиция жасайды барлық шетел архивтеріне. Енді алдағы уақытта оны тарихшылармен бірлесіпе ззерттеу  қажет болады.

Елге оралған құнды қағаздардың арасында Кене хан жайлы да деректер бар. Тіпті сол замандағы қазақ даласының картасы да табылған. Бұл арқылы ежелгі қала мен тарихи орындар жайлы ақпарат алуға болады. Одан бөлек, құл мен ханның, билік пен бұқараның міндет-мақсаты жазылған құжаттар да кездеседі. Бірақ, бәрі тыңғылықты зерттеуді қажет етіп тұр.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қорға өткен ғасырдың аса құпия құжаттары да әкелінді. Мәселен, мына хат 1927 жылы Сталинге жазылды. Жасырын келген жазбаның төбесінен байқаймыз, аса құпия деген мөр басылған. Себебі хатта ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов жайлы деректер бар.

Жазбаны Біріккен мемлекеттік саяси басқарма төрағасының орынбасары Генрих Ягода Сталинге 1927 жылы жазған. Ол Әлихан Бөкейхановтың қазақ жеріне келуіне мүлдем тыйым салу керек деген ұсыныс тастапты. Бұдан өзге де даулы тарихи оқиғаларды айғақтайтын дәлел көп.

Игорь Прохоров,  тарихшы:

- 18 ғасырда Лондонда жарық көрген карта бар. Мұнда қазақ жеріндегі біз білмейтін қалаларды таптық. Енді оларды іздеу ғана қалды. Тарихымыздың кей тұстары бұлыңғыр. Ал бұл құжаттар көп деректің дәлелі болады. Сол үшін мұрағатшылар мен тарихшылардың одағы керек. Жұмыла жұмыс істеп, ғылыми жаңалық аша аламыз. Кеңес үкіметі кезінде жоғалған құжаттардың біразы Венгрия мен Чехияда сақталған. Демек, біз өз тарихымызды толықтыра аламыз. Мәселен, Петербургта қазақ даласының 17 ғасырдағы заңы табылды. Ол қазіргі қылмыстық Кодекспен пара-пар.

Тарихшылар мен мұрағатшылар экспедициясы құжаттарды іздеуді әрі қарай жалғастырады. Енді олар Өзбекстандағы қорды қарап шығуды жоспарлап отыр. 

Бекзат Аманов, Диас Кобыланбаев

Сондай-ақ...