Петропавлда студенттік жатақхана құрылысы ұзаққа созылып кетті
Петропавлда университет жатақханаларының құрылысы тағы да ұзаққа созылып кетуі мүмкін.
Оған нысан жанындағы жер үйлер кедергі келтіріп тұр. Бұл баспаналар сүрілмейінше инженерлік желілер тартылмайды. Ал қала бойынша қазір 2 мың студентке төсек орны жетіспейді. Ғимараттың жай-күйімен мәжіліс депутаттары танысты.
Бұл Манаш Қозыбаев атындағы университеттің студенттеріне салынып жатқан жатақханалар. 1200 орынға арналған қос нысанның құрылысы тендерге қатысқан екі компанияның өзара соттасуынан кейін жарты жылға кеш басталды. Қазір ғимараттың бірнеше қабаты қаланған. Енді инженерлік желілер тартылмай тұр.
Сергей Тимофеев, құрылыс компаниясының директоры:
- Инженерлік желілерге бөлек байқау жарияланды. Бірақ, оны ұтып алған компания әлі күнге дейін жұмысқа кіріскен жоқ. Жатақхана артында 3 жер үй сүрілмей тұр.
Су, кәріз, жарық, жылу желісін тартуға облыстық бюджеттен 340 млн. теңге бөлінді. Мердігер ұйым жұмысты бір ай бұрын бастауы тиіс еді. Бірақ жер үйлер әлі күнге дейін сатып алынбаған. «Әне, міне» деп жүргенде жаз да өтіп барады.
Қанат Күжімбаев, құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Біз қалалық әкімдікке қызметтік хат жолдадық. Қазір олар үй иелеріне жер телімін алу жөнінде хабарлама таратты. Жоба мерзімі жарты жыл.
Инженерлік желілердің тартылмауы ішкі әрлеу жұмыстарына тұсау салады. Ал студенттер жатақханасының салынуына республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінген. Құрылысқа қарқын қосылмаса, қаржы игерілмей қалуы мүмкін.
Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы мәселені қарастырып, мынау мамандармен қалай оны тездесуге болады. Өзіміз ерекше біздің солтүстік өңірімізде жаз өте қысқа мезгіл. Оған үлгере алмаймыз. Конкуртар кеш өтеді. Апрель – майда шықса, сосын тағы 6 ай нетсе бір жыл өтіп кетті деген сөз ғой.
Бұл осындай жағдайға түскен жалғыз нысан емес. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бюджет есебінен салынып жатқан 20-ға жуық нысан уақытында тапсырылмай тұр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Кестеден кешігіп жатқан тағы бір студенттер жатақханасы мынау. Оның құрылысы 2020 жылы басталған еді. Бірақ мердігер ұйым жұмысты шала - шарпы орындап, орта жолдан тастап кеткен.
Қазір бұл жатақхананы басқа компания алды. Оны анықтап болғанша құрылыс материалдары қымбаттап, жоба құны 200 млн теңгеге шарықтап шыға келді. Енді студенттер үйін бітіруге 1 млрд теңге ақша жұмсалады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков