Қарағандылық ғалымдар туберкулезді емдейтін «нанотасымалдаушы» жасап жатыр
Қарағандылық ғалымдар туберкулез дертін тиімді емдейтін «нанотасымалдаушы» жасап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл, қарапайым тілмен айтқанда, өкпеге тікелей дәрі жеткізетін элемент. Бұрын құрт ауруына шалдыққандар кемі 2 сағат сайын уыс-уыс дәрі ішуге мәжбүр болған. Соның кесірінен ағзаның өзге мүшелеріне зор зақым тиетін. Жаңа жоба қолдау тапса, әлемдік деңгейдегі тың жаңалық болуы мүмкін. Қазір оған гонконгтық ғалымдар қызығушылық танытып отыр.
Туберкулез тудыратын кох таяқшаларына қарсы дәстүрлі дәрі-дәрмектің дәрмені аз. Философия ғылымының докторы Алдана Ғалиева осылай деп есептейді. Себебі 2 сағат сайын қабылданатын емге адам ағзасы үйреніп алады. Салдарынан зиянды вирусты түбегейлі жою үшін науқас жылдар бойы оқшауланып ем қабылдауға мәжбүр болады. Бұл оның психологиялық, моральдық жағдайына кері әсер етеді. Ал ғалымның жобасы ондаған дәріні тек бір капсуламен алмастыруға мүмкіндік береді.
Алдана Ғалиева, философия ғылымының докторы, жетекші ғылыми қызметкер:
- Егер де біз алынған нанобөлшектерге осы дәрілік заттарды енгізетін болсақ, онда дәрілік зат полимерлік заттан баяу босап шығады және сол арқылы ауруға шалдыққан адам тәулігіне бір немесе екі рет қана дәрі ішуі мүмкін. Сонымен қатар уыттылығын азайтуы мүмкін дәрілік заттың.
Ғалымының бұл жаңалығына гонконгтық ғалымдар қызығушылық танытқан. Осы бағытта зерттеулер жүргізіп жатқан Ченг Сиу Ин полисахаридтер мен олардың кешендерін пайдаланып, «нанотасымалдаушыларды» әзірлеу жобасын жалғастырмақ.
Ченг Сиу Ин, философия ғылымының докторы:
- Осы бағытта ұзақ жылдар бойы жұмыс істегендіктен, ғылыми ізденісті Қазақстанда жалғастыру қызық болды. Қазір өз жобаммен қазақстандық ғалымдардың жобасын салыстырып, тәжірибе бөліссек деймін. Мысалы, өз басым дендримерлерді зерттеймін. Ол дәрі тасымалдауға жақсы мүмкіндік ашар еді.
Аталған зерттеу жұмыстары Бөкетов атындағы университеттің химия факультетінде жүзеге асып жатыр. Бірақ арнайы лабораторияның жоқтығынан тышқандар мен жан-жануарларға эксперимент жүргізуге мүмкіндік жоқ. Сол себепті ғалымдар жобаны терең зерттеу үшін қолдау болса дейді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.