Атырауда екі мектеп төрт ауысыммен оқуға мәжбүр
Атырауда екі орта мектептің оқушылары төрт ауысымда оқуға мәжбүр.
Бұған мердігерлердің жауапсыздығы себеп. Олар білім ұяларындағы толық жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтамаған. Жалпы былтыр қала бойынша бес мектеп күрделі жөндеуге жабылып, үшеуі қолданысқа берілген.
Облыс орталығындағы нөмірі 19 және 27 мектептің оқушылары екі тоқсан бойы басқа білім ұяларын сағалап жүр. Мысалы мынау 24-мектепте 1200 бала үш ауысымда оқып жүр. Енді оларға тағы 600 оқушы қосылған. Соның кесірінен мектеп төрт ауысымдық жүйеге ауысқан.
Әлия Еділбаева, №24 мектептің директоры:
- Қиыншылық туындады. Ата-аналар тарапынан да наразылықтар бар. Себебі уақытымызды шектеп отырмыз. 24-тің де, 27 мектептің оқушыларына да уақыт шектеулі болып отыр. Қазіргі таңда 4 ауысымдық мектеп болып отырмыз. Солай дәріс беріп жатырмыз.
Қалада былтыр бес мектеп күрделі жөндеуге жабылған. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге бөлініп үш білім ошағы жаңа кейіпке енді. Ал қараша айында тапсырылуы тиіс екі мектептің жөндеу жұмыстары созылып барады. Білім басқармасы жауапсыз мердігерлерді сотқа беруге мәжбүр болған. Сырттан келіп тендер ұтқандардың не техникасы, не материалдық базасы жоқ боп шықты. Содан олардың жұмысқа қосымша мердігер тартқаны белгілі болды.
Тілекқабыл Байдошев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 27-мектепке тоқталатын болсақ, оған бюджеттен қаралған сома 470 млн ақша қаралды. Оның аяқталуы уақыты 27 желтоқсан 2023 жылы еді. Басқа облыстың мердігері Атырау облысынан емес. Мұнда туындаған мәселе аяқталуы суб подряд бойынша туындап отыр. Сотқа бергеннің өзінде де ол мердігер жұмысын істеп жатыр.
Жалпы Атырау облысында күрделі жөндеуді қажет ететін 62 мектеп бар. Олар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Ал былтыр жөндеуі басталып, аяқсыз қалған екі мектептің жыры әзір бітпейтін сияқты.
Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин