Ақтаулық оқушылар қазақ ертегілерін дәріптеп жүр
Зияткерлік мектепте оқитын қос жеткіншек Ер Төстік, Саққұлақ, Желаяқ сынды аңыз кейіпкерлерін компьютер көмегімен суреттеген.
Осылайша олар бірнеше анимациялық ролик жасап шығарды. Алдағы күндері студияда түсірілім жасап, қазақ қаһармандары туралы мультфильм жасауды жоспарлап қойған.
- Енді мына қылышына қараңыздар. Қылыштың ерекшелігі көрінбей қалып тұр, 3D образында. Сол себептен мынаны қосу керек сияқты...
Жансерік пен Еркебұлан бір сыныпта оқиды. Ұстазы жеткіншектердің қазақ тілі мен әдебиетіне ерекше зейінін байқапты. Соған орай қазақ ертегілерінде кездесетін мифтік кейіпкерлерді суперқаһарман түрінде дәріптеуге кеңес берген. Анимациялық роликтердің мазмұны ұқсас. Бойында ерекше күш-қасиеті бар батырлар көмек қажет кезде жедел жетіп, әлсізге қорған болады. Соларды насихаттау арқылы қоғамды ізгілікке шақырғымыз келеді, дейді жоба авторлары.
Жансерік Оғылан, әуесқой аниматор:
- Әр адамның қазіргі таңда суперкүші бар. Оны адамдардың өздері де білмеуі мүмкін. Біз осы мультфильмдерді шығару арқылы, халыққа оны көрсету арқылы өздерін сол күшке сендіріп және де қайырымдылық істерді жасауға шақырамыз. Американдық, еуропалық компаниялар осындай бейне, мультфильм түсіру барысында өздері кейіпкерлерді ойлап тауып, соларды жетілдіріп түсірген. Ал бізде мұндай кейіпкерлер бұрынғы заманнан бері бар.
Оқушылар таңдауы жүгіргенде алдына қара салмайтын Желаяқ, тұтас көлдің суын жұтып түкіргенде өртті жылдам өшіретін Көлтаусар, тау қопарып көмек қажет адамға жедел жететін Таусоғар тағы басқа ертегі кейіпкерлеріне түскен. Оларға озық үлгідегі костюм, цифрлық көзілдірік кигізу арқылы қазіргі заман батыры ретінде көрсетуді қолға алған. Танымдық үйірме сағаты жұмысы сабақтан бос уақытта жүргізіледі.
Сәния Дәуталиева, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Бұл идея негізінен өз өмірімнен алынды. Өйткені кішкентай балаларым шетелдік суперқаһармандарға өте еліктегіш. Дүкенге барсақ солардың ойыншықтарын, киімдерін алуға ынталы. Ертегілердің образдармен жақсы таныс болғандықтан бізде де солардың күшінен кем емес кейіпкерлер бар ғой ой туындады. Халық ауыз әдебиетіндегі, біздің қазақ әдебиетіндегі кейіпкерлерді ғылыми негізде талдап, шығару ол бірінші рет жүзеге асты деп есептеймін. Сол себептен бұл біздің жаңалығымыз болып есептеледі.
Енді оқушылардың өздері қазақтың суперқаһарманы ролін сомдап көрмекші. Студияда актер түрлі қимыл жасап видео түсіріледі. Сосын бейнетүсірілім арнайы бағдарлама арқылы компьютерде өңделеді. Содан соң әр кейіпкер үшін дауыс жазылады. Осылайша бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге арналған мультфильмдер жасалады. Кейін ғаламторға жүктеліп, бөбекжайлар мен мектептерге сыйға берілмек.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев