Ақтөбеде колледж мұғалімі робот құрастырды
Ақтөбеде колледж мұғалімі робот құрастырып шықты.
Ұстаз Дархан Шаңбаев әлеуметтік желіге құмар студенттерді ғылым мен техникаға қызықтыру үшін осындай ойға келген. Робот қазақ тіліндегі сұрақтарға жауап беріп, түрлі функцияларды атқарады. Енді мұғалім оны өз шәкірттерімен бірге одан әрі жетілдіріп, көпшілікке пайдасы тиетін көмекші құралға айналдырмақ.
Бұл робот бір жарым ай ішінде жасалған. Сұлбасы мен көлемі толықтай Дархан Шаңбаев және үш бірдей студенттің ойластыруымен сызылып, құрастырылған. Ал сөйлеу, жүру, басы мен аяқ-қолын қозғалтуға жауапты бөлшектер әр елдің өнімі болғанымен оларды да бір жүйеге бағындырған. Робот қазақша пәрмендерді түсінеді және жауап береді. Жарықты, желдеткішті қосып сөндіруден өзге студенттерге әр күн сайын өтетін іс-шаралар туралы да айтып отырады.
Дархан Шаңбаев, мұғалім:
- Роботтың өзі көбіне дамыған елдерде, Япония, Қытай сияқты үлкен мемлекеттерде шығады. Және де олардың өзіндік бір ерекшеліктері бар. Негізгі идея сондай болды, неге қазақша, қазақы робот дайындамасқа. Біздер өзіміз қазақша база енгізіп, оған ұялы телефоннан арнайы бағдарлама жасап, оны түсінетін, тартатын деген сияқты. Қазір ғылыми технология қатты дамып жатыр. балаларды қызықтыру қиын. Сондықтан қазіргі ғылыми техникаға қызықтыру. Өйткені әлеуметтік желі уақытты алып кетеді. Біздегі бірінші курстар бар, екінші курста спец пәнге келетін соларды қызықтыру мақсатында негізгі жасалған идеясы сол.
Роботқа колледж басшылығы авторына ұқсас етіп, «Смартхан» деп ат қойған. Ал Дарханның өзі техника ғылымдарының магистрі. Оқу орнындағы автоматтандыру және басқару бөлімінің меңгерушісі. Франция, Германия секілді дамыған елдерде тағылымдамадан өткен ол, жастардың жоғары технологияны терең меңгергенін қалайды. Себебі болашақта интернет желісі, жасанды интеллекттің әлі зор роль атқаратына сенімді.
Өркен Хамзи, студент:
- Ағайымыз сабақты барынша жақсы өткізуге тырысады. Әр оқушының, студенттің зейінін ашуға тырысады. Бізде жаңа дуальды оқыту жүйесі бойынша студенттерге көп мүмкіндіктер берілген. Және де мықты мамандармен тәжірибе алмасу ретінде де жұмыстарға қатыстырады.
Мұғалім биыл студенттерден өзге оқытушыларға да пайдасы көп тиетін жаңа робот жасап шығармақ ойда. «Ол мамандықтар мен бірқатар сала бойынша анықтама және ақпарат бере алатын болады» дейді. Ал өзінің қолынан шыққан «ақылды үй» және т.б. жобалары қазір әріптестерінің мақтанышына айналған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев