ҰБТ-да аз балл жинаған жігіт тестке тегін дайындайтын қосымша ойлап тапты

Ұлттық бірыңғай тестілеуден аз балл жинаған алматылық студент Нұрдәулет Байханов

командасымен бірге «болашақ түлектер қиналып қалмаса екен» деген ниетпен UNAI (юнай) мобильді қосымшасын жасап, іске қосты. Қосымша мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуге тегін дайындалуға, қатемен жұмыс жасауға, талдау жүргізіп, топпен сынақ тапсыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын қосымшалар, онлайн платформалар көп. UNAI-дың ерекшелігі – қосымшаны қолдану тегін. Сонымен қатар тек ҰБТ-ға дайындалып ғана қоймай, түлектер өз білім деңгейін үнемі бақылап отыра алады.

Нұрдәулет Байханов, студент:

- Қай уақыттан бастап ҰБТ бар, соның бәрін қамтыдық. Негізінен біздің бағдарламада 2022-2023 жаңа бағдарламаның сұрақтары. Себебі өзім ҰБТ тапсырған кезде тек қана жаңа сұрақтар келген болатын. Және де мен сол сұрақтарды таба алмай қиналғандықтан аз балл жинаған болатынмын.

Бір жарым ай бұрын іске қосылған мобильді қосымшаға қазірдің өзінде екі мыңға жуық қолданушы тіркелген. Олардың нәтижесі де жаман емес. Алды 90 балдық көрсеткішті еңсеруде. Мақсатымыз - барынша түлектердің жоғары балл жинап, қалаған мамандықтары бойынша жоғары оқу орнына түсуіне ықпал ету, дейді Нұрдәулет. Мобильді қосымша қазақ және орыс тілінде жұмыс істейді. 

Нұрдәулет Байханов, студент:

- Приложение өте оңай. Жүктегеннен кейін, ойнау батырмасы тұрады. Сол арқылы басу арқылы, толықтай өзіңіздің досыңызбен, сыныптасыңызбен немесе жалғыз өзіңіз толықтай дайындалсаңыз болады.

Бұл командалық жұмыс. Нұрдәулет Байхановтың жобадағы позициясы Co-founder, яғни жоба авторы және оны дамытушы. Стартап жоба ретінде басталған қосымшаны қолданысқа енгізуге бір жарым жыл уақыт кетіпті.

Күлжан Тоғжанова, университеттің кафедра меңгерушісі:

- Нұрдаулет өзін өзі дамытуға және білімін жетілдіруге дайын. Өзі ұмтылыспен барлық жұмыстарды атқарып жүреді. Студенттерге барлығы қолжетімді. Оқимын десе, жұмыс істеймін десе, заман талабына сай қажетті бағдарламаларды әзірлеймін десе барлық мүмкіндік жасалынған студенттерге. 

Нұрдәулет Байхановтың командасы қазір спортпен айналысушаларға арналған тиімді қосымша жасауды қолға алыпты. Ал UNAI мобильді қосымшасын AppStore мен PlayMarket-тен жүктеп алуға болады.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон