Абай облысында ғалымдар орман өсіруге көмектеседі
Абай облысындағы өртенген орманды қалпына келтіруге ғалымдар көмектеседі.
Бұл туралы Семейде өткен «Орман өрттері – XXI ғасырдың жаһандық мәселесі» атты халықаралық конференция барысында айтылды. Ресей мен Болгарияның жоғары оқу орындарының мамандары қарағайлы орманды қайта түлетудің тиімді жолдарын ортаға салды. Олардың пайымынша, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, шекаралық аймақтағы ағаштарды кесіп, азайту керек. Тілсіз жауды ерте анықтау үшін цифрлы технологияларды қолданып, әуеден барлау жүргізу қажет.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы алапат өрт кезінде 63 мың гектар аумақ отқа оранған болатын. Келген шығын көлемі – 160 миллиард теңге.
Алексей Клевенко, Экологиялық зерттеулер орталығының жетекшісі:
- Біздің зертханамызда орманды жедел қалпына келтіретін кешен әзірленіп жатыр. Жобаның мақсаты – қарағайды тездетіп өсіру. Мұның пайдасы зор. Топырақта жылу да, ылғал да сақталады.
Думан Орынбеков, Шәкәрім университетінің ректоры:
- Орман өртін болдырмаудың алдын алу мәселелерін қазіргі цифрлы технологияларды пайдалана отырып, алдын алу мәселелерін талқылау болып табылады. Бұл – қазіргі уақытта үлкен мәселе. Сондықтан мұнда мүдделі мемлекеттік органдармен міндетті түрде ғалымдардың қатысуынсыз, яғни ғылыми негізсіз бұл мәселені шешу мүмкін емес.