Жоғарғы оқу орындарының оқытушылары марапатталды

Түркістанда еліміздің жоғары оқу орындарының үздік ғылыми қызметкерлері мен оқытушылары марапатталды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, «Үздік ғылыми қызметкер-2023» байқауына 307, ал «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы-2023» республикалық байқауына қатысу үшін 768 үміткерден өтінім түскен. Сонымен қай салаға басымдық берілді? Кімдер жеңімпаз атанды?

Жоғары оқу орындарының үздік ғылыми қызметкерлері мен оқытушыларын марапаттау рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, көпшілікті көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен құттықтады. Одан кейін Жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын марапаттады. Биыл бұл құрметке еліміздегі 43 жоғары оқу орнынан 150 оқытушы лайық деп танылды. Олардың әрқайсына 2 мың АЕК көлемінде сыйақы мен арнайы төсбелгі берілді.  

Жібек Абылқасымова, Шәкәрім атындағы университеттің экономика және қаржы кафедрасының оқытушысы:

- Қазіргі ғылымға қойып отырған негізгі мақсат – халықтың ғылымға деген сенімін жоғарылату. Осы ғылымға деген сенімін нығайту мақсатында біздің ұжым үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Оқу- әдістемелік жұмысым, ғылымға сіңірген еңбегім үшін «Үздік оқытушы» марапатын алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, үлкен мәртебе. 

Нұрзада Әбдібекқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика және техника факультетінің оқытушысы:

- Қазақ тілі – ғылым тіліне айналуы керек деген біздің мемлекетіміздің тапсырмасы бар. Осы бағытта барынша өзіміздің мүмкіндігімізді көрсетуге тырыстық. Осы жүлделі орынға жеткеніме өте қуаныштымын. Марапаттау рәсімін киелі Түркістанда өткізіп жатқанына көп рахмет. Алғысымыз шексіз.

«Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауы бойынша 50 ғалым жеңімпаз деп танылды. Соның бірі Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты микро ағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі Қуандық Жүнісов. Ол пандемия кезінде елімізде алғаш өндірілген КазВак вакцинасын шығарушылардың бірі. 

Қуандық Жүнісов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі:

- Біздің негізгі айналысатын ғылыми зерттеу бағыттарымыз, жануарлар мен адамдардың, құстардың жұқпалы ауруларымен айналысамыз. Соларға қарсы вакцина әзірлеу және басқа да вирустарды зерттеумен айналысамыз. Қазіргі кезде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы еңбегімізді бағалап, «үздік ғылыми қызметкер» мемлекеттік конкурсының жеңімпазы атандым. 

Биыл үздік ғылыми қызметкерлерді анықтау үшін Жаратылыстану, Медицина, Ауыл шаруашылығы, Инжиниринг және технология, Әскери және ұлттық қауіпсіздік, Әлеуметтік және Гуманитарлық ғылымдарға басымдық берілген. Байқаудың басты мақсаты оқытушы мамандығының беделін арттырып, жас ғалымдарға қолдау көрсету деді  Ғылым және жоғары білім министрі. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Биылғы жылдың ерекшелігі Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әр ЖОО-нан, әр ғылыми зерттеу институтынан ең мықты, жемісті әрістертерімізді жинадық. Мақсатымыз бүгінгі алғыс күні, көктемнің алғашқы күнінде ғылымға, білімге үлес қосып жатқан әріптестерімізге министрліктің және өзімнің атымнан алғыс білдіргіміз келді.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен оқытушылар және студенттер қатысты.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов