Жазғы демалыста ақша тапқысы келетін оқушы көп
Оқу маусымының аяқталуына аз қалды. Жазғы демалысқа шыққан жастардың дені жұмыс істеп, нәпақа табуға бел буады.
Біразы көлік жуады. Біразы мейрамханаларда даяшы болады. Ауыр жұмысқа жалданатыны да бар.
Олардың еңбекке ерте араласуына заң не дейді? Енді-енді бозбала, бойжеткен атанатын жасөспірімдер уақытын тиімді әрі табысты өткізу үшін қандай жұмыс бар?
Әлемде 160 млн жасөспірім балалық шақтың бейқам күндерін жұмыс істеп өткізуге мәжбүр. Бұл дегеніңіз әрбір оныншы бала еңбекке ерте араласып, талғажау асын табан ет, маңдай терімен өзі табады деген сөз. Тіпті 73 миллионы аса ауыр жұмысқа жегілген.
UNICEF ұйымы ұсынған мәлімет осылай. Бұл бала еңбегін қанау ма, еңбекке бейімдеп, қанаттандыру ма?
Бізде де жаз шықса жасөспірімдердің жұмыс күшін пайдаланатындар көбейді. Қазірдің өзінде электронды еңбек биржасында 360 хабарлама жарияланған. Онда мыңнан аса жұмыс орны ұсынылып, қызметке орналасу үшін тәжірибе де, қатырма қағаздың да қажеті жоқ делінген. Яғни, оң-солын танып үлгермеген балаларды қабылдайды-мыс. Дені жазғы демалысында көлік жуу орындарында, мейманханаларда қызмет ететіндігі де жасырын емес. Ал заң жасөспірімдердің жұмыс істеуіне шектеу қоймайды. Шегінен шықпаса болды.
Асқар Астаев, заңгер:
- ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес 18 жасқа толмаған жұмыскерлерге келесідегідей уақыт белгіленеді. 14 жастан 16 жасқа дейінгі аралықтардағы жұмыскерлерге аптасына 24 сағаттан аспауы керек. 16-18 жас аралығындағы азаматтарға 36 сағаттан аспауы керек.
Ала жаздай доп қуып, уақытын босқа өткізбеуді көздегендер үшін мемлекеттік жобалар да бар. Солардың бірі – "Жасыл ел" еңбек жасағы. Мұнда қоршаған ортаға қамқорлық жасап, қалтаңызды қомпайтсаңыз болады.
Біржан Әлімжанов, Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Жазғы маусымдағы негізгі басты міндет – жастардың, жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Осы бағыттағы жылдар бойы жүргізіп келе жатқан бірегей жоба – "Жасыл ел" еңбек жасағы. Оның негізгі мақсаты – жастарды жұмыспен қамтамасыз ету емес, сонымен қатар жастардың арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендерді абаттандыру.
Биыл бұл жасақ сапында 33 мың жасты жұмыспен қамту жоспарда бар. Жоба үйлестірушілер маусым-тамыз айларында осынша жасөспірімге 85 мыңнан еңбекақы төлеуге дайын. Ол үшін бала 14 жастан асқан болса жеткілікті. Сондай-ақ, түрлі мекемелерде қоғамдықтық жұмыс істейтіндер де құрқол қалмайды.
Біржан Әлімжанов, Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Жазғы маусымға байланысты айтатын болсақ, демалыс уақытында 16 жастан асқан жастар, оның ішінде студенттер болсын, колледж, мектеп оқушылары болсын осы қоғамдық жұмысқа қатысуға толық мүмкіндігі бар. Осы жылы оның жалақысы 40 АЕК деңгейінде.
Бұл дегеніңіз 150 мыңға жуық ақша. Яғни ең төменгі жалақыдан 60 мың теңгеге артық.
Шернияз Жалғасбекұлы, Мұрат Әріпқанов, Ғалымжан Әбділахат, 24.KZ