Елордадағы мектепке Рақымжан Қошқарбаев есімі берілді
Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батырымыз Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына биыл 100 жыл.
Жеңіс күні қарсаңында даңқты ердің есімі елордадағы №44 мектепке берілді. Даңқты батыр атамыздың ұрпағы мен көзін көргендер жиналып, ерлігін тағы бір мәрте еске алды.
Елордадағы бұл білім ордасы енді - Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталады. Мектепте мемориалды ескерткіш тақта мен әскери сынып ашылды. Ерлігі баршаға аян қаһарманның есімі бүгін осылай ұлықталды.
Ләззат Құлтаева, Р.Қошқарбаев атындағы №44 мектеп директоры:
- «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген қазақта мақал бар. Сол сияқты біздің миссиямыз – өскелең ұрпақтарымызды патриоттық тәрбиеге баулу.
Салтанатты шараға батырдың туыстары да қатысты. Олар бұл сәтті көп күткенін айтады. Айбынды ердің көзі тірісінде сый-құрмет былай тұрсын, ерлігі ескерілмеген, дейді.
Қалам Темірова, Р.Қошқарбаевтың келіні:
- Туды тіккенде қаһарман атын берді ғой. Батырлықты берген жоқ. Бермегені – әкесі Қошқарбайды кулак деп, враг народа деп, атамыздың жерін алып қойған да, кәрі кісі болған. Жабуға жарамаған. Енді біреуді жабу керек қой. Атасы Қошқарбайды алып кеткен.
Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде өзі жайында айтып, жария қылмаған. Содан, тарих барынша бұрмаланып, ерлігі ескерілмей келді. Ол өмірден өткеннен кейін араға тек 11 жыл салып, батырға «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Маржан Нұрмағанбетова, Р.Қошқарбаевтың немере қарындасы:
- Өмірі айтпайтын. Соғыс туралы сөзді бөліп жіберетін. Соғыс туралы сендер айтпаңдаршы, көрмеңдерші. Сендер білмей-ақ қойыңдаршы деп. Мен өзімнің патриоттық борышымды орындадым. Маған бұйрық берді. Мен бұйрығымды орындадым.
Биыл ел бойынша Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осыған орай, соғыс ардагерінің өмірінен сыр шертетін көрмелер ашылады. Ал жақында Ақмола облысы Тайтөбе ауылында батырдың бюстін орнату жоспарда бар. Бұған дейін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті тарихи тұлғаларды құрметтеу маңызды екенін айтқан болатын.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Айбын ордені кәдімгі әскери ерлігі үшін берілетін орден. Оның үлкен символдық мәні бар деп айтуға болады. Біз өзіміздің тарихи Қазақстанның мұрагері ретінде біздің батырларымыздың мұрагері деп көрсетіп жатырмыз.
Сын сағатта елін қорғаған ардагерлерімізді құрметтеу – парыз. Ал бүгінде батырдың ерлігі ескерусіз қалмады. ІІІ дәрежелі Айбын ордені енді Рақымжан Қошқарбаев есімімен аталатын болды.
Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев