Ақтөбелік оқушы тасқын қаупін дер кезінде хабарлайтын құрылғы жасап шығарды
Ақтөбелік жеткіншек тасқын су қаупін дер кезінде хабарлайтын құрылғы ойлап шығарды.
Өнертапқыш оқушы Жансая Ақкүлова тұрғындарды ескерту жүйесін автоматтандыруды ұсынып отыр. Мәртөк ауданындағы орта мектеп оқушылары ғылыми жоба қолдау тапса үлкен қатердің алдын алуға сеп болады деп есептейді.
"Құрметті қала тұрғындары! Өзен суының деңгейі бекітілген бағанадан жоғары көтерілді. Сол себепті эвакуацияға дайын болуларың сұралады." Осындай хабарламадан кейін адамдардың өзі эвакуацияға дайындалады.
Мұндай хабарламаны автоматты түрде ылғалдылық сенсоры тарата алады. Өзен көлдердің жағасына белгі бергіш құрылғыны орнатуды он бірінші сынып оқушысы Жансая Ақкүлова ұсынып отыр. Мәртөк ауылына биыл тасқын судан айтарлықтай қауіп болмағанымен тұрғындар күндіз-түні суқойма бойын қорып, қауіп сейілгенше күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен кеңескен жеткіншектің бастамасын құтқарушылар да құп көріпті.
Жансая Аққұлова, 11-сынып оқушысы:
- Олардан "су деңгейін өлшейтін қандай құрылғы" деп сұраған кезде олар өздерінің ағаш құрылғысын көрсеткен болатын. Ол қазір дамыған заманға, 21-ғасырға, технологиялар дамыған заманға мүлдем сай емес деп есептеймін. Бұл құрылғылар өзен жағалауында орналасады. Ауыл немесе қалаларда үлкен мұнаралардың төбесіне сигнал беретін шамды орнатамыз. Яғни су тасқыны болған кезде ол сигнал береді.
Әсіресе түн мезгілінде төтеннен келетін тасқын суға тойтарыс беріп, дер кезінде қарекет етуге мүмкіндік болады. Жаңашылдыққа жаны құмар оқушылар төтенше жағдай туралы хабар таратуға коммуналдық желілердің істен шығуы да кедергі болмауы тиіс дейді. Бұл мәселенің шешімін Аманбек Әнуарбекұлы ұсынып отыр. Күн жарығын энергия көзі ретінде қолданып, қажетті нысандарды қуат көзімен қамтуға болады дейді.
Аманбек Әнуарбекұлы, оқушы:
- Күннің энергиясы болмаса да осындай жарық көзінен біздер 10 вольт энергия алып отырмыз. Осы 10 вольт энергия арқылы біздер теледидарды, пешті, су жылытқыш бойлерін тоқтың көмегінсіз смартфонмен бақылай аламыз.
Аталған құрылғылардың екеуін де қашықтан, ұялы телефонның көмегімен басқаруға болады. Бұл лезде ақпарат алып, дер кезінде әрекет етуге тиімді. Мектептегі қосымша сағаттарда шағын ғылыми жобаларды қорғап жүрген оқушылар енді елді әбігерге салған қар суын сақтап, тиімді қолдану жолдарын саралап жүр. Тасқын суды да пайдалы іске жаратуды көздейді.
Мансур Есқожин, Болатбек Молдағалиев