Вашингтонда қазақ балабақшасы ашылды
Балалар мерекесі қарсаңында АҚШ астанасы Вашингтонда қазақ балабақшасы ашылды.
Бұл – бүлдіршіндерді қазақ тілінде тәрбиелейтін осы аймақтағы жалғыз орталық. Балаларының тілі ана тілінде шыққанын қалайтын қазақ отбасылары көбейген.
Бұл балабақшада тәрбие түрлері төл мәдениетімізге негізделген. Бүлдіршіндерге халқымыздың салт-дәстүрі үйретіледі. Балалар халқымыздың өнерімен жақын танысып, ұлттық тағамдарымызды жасап, дәмін татып отырады. 20 жылдан бері Америкада тұрып жатқан 3 баланың анасы Мадина кенже қызын балабақшаға алғашқылардың бірі болып әкелген.
Мадина Көшербаева, ата-ана:
- Өкінішке қарай, біздің 2 баламыз ағылшын балабақшаға барды. Ол кезде қазақы балабақша болмады. Енді ашылды. Енді баламыз ана тілін үйренеді, қазақтармен ойнайды. Қуаныштымыз.
Әсел Күзеухан шетелде туған балалары қазақ тілінде тәрбие алса деп армандаған. Бірақ ондай орталық таппаған соң игі істі өзі қолға алады. Сөйтіп қазақ балабақшасын ашып, бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беруге кіріседі. Қазір кішкентайларын осы тәрбие ордасына бергісі келетін ата-ана көп, – дейді ол.
Әсел Күзеухан, балабақша меңгерушісі:
- Біздің мына тұрып жатқан жерімізді қарасаңыз, шағын Қазақстан деуге де болады. Соңғы уақытта Америкаға келіп өмір сүретін қазақтар өте көп. Біздің айналамыздың өзінде 30-40 отбасы тұрамыз. Солардың өзінің көбі балаларын қазақ балабақшасына бергісі келеді.
АҚШ-та мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу орталықтарының ай сайынғы төлемі өте қымбат, шамамен 2000 доллар болады. Оның үстіне көбінде ыстық тамақ берілмейді. Ал қазақ балабақшасының құны едәуір арзан әрі ұлттық мәзірге негізделген үш мезгіл тамағы бар.
Әсел Күзеухан болашақта домбыра және би үйірмесін ашып, балабақшаны үлкен қазақы орталыққа айналдыруды көздеп отыр.
Авторы: Айжан Сыдықова.