Кремний алқабындағы қазақ жастарының стартап жобалары әлем назарында

Орталық Еуразия аумағындағы IT мамандар, жас кәсіпкерлер мен инвесторлар арасында жаһандық желі құру бағдарламасы жемісін бере бастады.

Қазір қазақ жастарының бір шоғыры АҚШ-тың Кремний алқабында табысты еңбек етіп жатыр.

Жаңа стартаптарды инвесторларға таныстыруды көздейтін платформа Орталық Еуразиядағы тың идеялармен бөлісіп, тәжірибе алмасып, өзара байланысты дамытуға бағытталған. IT-кәсіпкерлік саласындағы әріптестікті ілгерілетуді мақсат еткен бастаманың арқасында бірқатар жоба ірі кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапқан.

Асрор Арабжанов, Silkroad Innovation Hub бірлескен құрылтайшысы:
- Біз Орталық Евразия аймағын, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, сонымен қатар Әзербайжан, Моңғолия және Грузия елдеріндегі стартап құрушыларды біріктіреміз. Бір жылдың ішінде көптеген жобаларды жүзеге асырып үлгердік. Былтырдың өзінде Astana hub-пен Әлемдік банктің жобалық кеңсесімен бірігіп, Кремний алқабына 6 ай көлемінде жұмыс жасауға әкелдік. Олардың бірнешеуі әлі де Кремний алқабында істерін жалғастырып, инновациялық жобаларын жасауда.

Кәсіпкерлік пен ғылымды, идеялар мен сандық технологияларды бір арнаға тоғыстырған стартап байқауларға қазақстандық жастар да қатысқан. Соның бірі – бүгінде АҚШ инвесторларының қолдауына ие болған «Alma» компаниясы миграциялық мәселелерді шешетін және көші-қон саласындағы заңгерлердің жұмысын барынша жеңілдететін бастаманы жүзеге асырады.

Әсел Төлебаева, «Alma» компаниясының бірлескен құрылтайшысы:
- Біз жобамызды
«Alma» деп атадық, өйткені алма ағашы бірінші Орталық Азияда өскен. Сосын әлемге тараған. Біз де жобамыз бүкіл әлемге тараса дейміз.

Осы жылы Silkroad Innovation Hub және Astana hub бірігіп, алғаш рет америкалық беделді акселлератор Alchemist-пен арнайы бағдарламаны іске қосты. Ол бойынша Орталық Азия стартаптары Кремний алқабына жарты жылға келіп, білімдерін арттырып, инвестиция және тұтынушы іздеуге мүмкіндік алады. Осылайша еларалық ынтымақтастық артып, талантты жастардың талпынысы толағай табысқа айналуда.

Авторлары: Айжан Сыдықова