Астанада Ковентри университетінің кампусы ашылады
Елордада Ұлыбританияның жетекші оқу орындарының бірі – Ковентри университетінің кампусы ашылады, деп хабарлайды 24kz.
Енді талапкерлер елден шықпай-ақ шетелдік жоғары оқу орнында білім ала алады. Университет биыл 400 жасты қабылдауға дайын. Мұндағы басты талап – ағылшын тілін жетік білсе болғаны. Оқуға түсуге талаптанған студенттерге бизнес, информатика және педагогика пәндері оқытылады. Студенттерге тәлім берер оқытушылар халықаралық деңгейдегі білікті мамандар.
Тайра Наваз, Қазақстандағы «Ковентри» университетінің даму және пайдалану бөлімінің директоры:
- Ковентри университеті Астанада кампус ашады, өйткені қазір Қазақстан мен Орталық Азияда сапалы жоғары білімге сұраныс бар. Бұл Үкіметтің білім беру жүйесін жаңғырту, инновациялық технологиялар мен зерттеулерді ілгерілету және азаматтарды жаһандану әлеміндегі өмірге дайындау мақсатына сәйкес келеді.