Жол мамандарына 1000-ға жуық білім беру гранты бөлінді
Жолшыларды дайындау күн тәртібіндегі мәселе. Автожол саласында 2 мыңға жуық білікті маман жетіспейді, деп хабарлайды 24kz.
Түйткілді шешу үшін қосымша грант бөлу көзделіп отыр. Қазір «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламасы бойынша алғашқы өтінімдер қабылдана бастады.
Биыл бакалавриатқа 79 мыңға жуық грант бөлінген. Оның 60%-і, яғни, 19344-і техникалық бағыттарға тиесілі. Оның ішінде «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау биыл алғаш рет жүзеге асырылмақ.
Манарбек Жұмамұратов, талапкер:
- Магистратураны бітіргеннен кейін одан тереңірек ғылыммен айналысқым келді. Бірақ ол жылдары доктарантураға гранттар болмады. Осы жылы доктаранутарға 10 грант бөлінген болатын. Негізінде үлкен мүмкіндік болып табылады. Өйткені жас мамандардың ғылыммен айналысуына талпыныс артуы мүмкін.
Осы бағытта алдағы оқу жылына 1000-ға жуық мемлекеттік білім беру гранты, оның ішінде бакалавриатқа 770 грант бөлінді. Бұл «Көлік құрылысы» білім бағдарламасы бойынша еліміздің 7 жоғарғы оқу орынында оқытылады.
Тыныс Сүлейменов, техника ғылымдарының докторы, профессор:
- Жыл сайын техникалық мамандықтарға 100 гранттан қосылып келе жатыр. Жылдағыға қарағанда, мысалы, автотранспортқа 100 грант артық қосылды. Сол сияқты электр энергетика сияқты осы мамандықтардың барлығына 100 гранттан өсіп келе жатыр.
Жалпы елдегі автожол саласында 2 мыңға жуық білікті кадр тапшы. Ал жоғары оқу орындары жыл сайын 100-ге жуық жол маманын дайындап шығарады.
Авторлары: Зарина Кәп, Өрден Жарқын