Қазақстан мен Өзбекстан ЖОО арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді
Қарағандыда «Шығыстың қос жұлдызы: Абай және Науаи» атты халықаралық алқалы жиын өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Шара академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мен Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университеті арасындағы меморандум аясында ұйымдастырылған. Жиынға екі ел ғалымдары қатысып, білім және ғылым саласындағы байланыс пен тәжірибе алмасуды артыру, Абай мен Науаи шығармашылығы арқылы өскелең жастарды рухани құндылықтарға тәрбиелеу мәселелерін көтерді. 7-8 тамызда Қазақстанға мемлекеттік сапармен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзёев келеді деп күтіліп отыр. «Бұл екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты, соның ішінде рухани байланысымызды бекемдей түсетіні сөзсіз», – дейді академик Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков. Жиын соңында Низами атындағы университет ректоры Абдугаппор Киргизбаевқа құрметті профессор атағы берілді. Бұған қоса осы ЖОО-да қызмет ететін 30 өзбекстандық ұстазға біліктілігін арттырғанын куәландыратын сертификат табысталды.
Нұрлан Дулатбеков, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры:
- Екі университеттің де илеп жатқаны – бір терінің пұшпағы. Яғни, балаларымызға рухани құндылықтарды қалай береміз деген мәселе әрқашан күн тәртібінен түспейді. Ол қандай бағыттарда болады. Олар бірігіп, ғылыми жұмыстар жасау, тағы да Абай мен Науаиды алға салып отырмыз, солардың мұраларын стратегиялық байланыстарымзбен байланыстыру.