Ақтауда бір мектепте 30 егіз бала білім алады

Ақтауда жаңа оқу жылында білім ұясының табалдырығын 7 егіз бала аттады, деп хабарлайды 24KZ.

Бірінші сыныпқа осынша егіздің келуі ата-аналардан бөлек, ұстаздар қауымын да қайран қалдырып отыр. Жалпы бір мектепте 30 егіз оқушы білім алады екен.

Көпшілікті тәнті еткен мектеп табалдырығын биыл 7 егіз аттады. Үшеуі қазақ, қалған оқушылар орыс сыныбына қабылданды. Жалпы осы оқу ордасында 30 егіз білім алады. Асыл мен Айым 4-сыныпқа аяқ басты. Бір партада отырып, үй тапсырмасын бірге орындайды.

Асыл Хамидолла, оқушы:

- Бізге бірге оқыған ұнайды. Біз өскенде екеуміз де дәрігер боламыз. Жасым 9-да. Мен цифрлық пән сабағын қатты ұнатамын.

Айым Хамидолла, оқушы:

- Маған егізім қатты ұнайды. Ол маған қажетті кезде көмектесіп жүреді. Маған математика сабағы ұнайды. Сабағымды 4 пен 5-ке оқимын.

Ал Роберт пен Маргарита биыл 5-сыныпқа барды. Ұл бала болашақта ІТ саласын бағындыруды армандаса, қыз бала: «Ұстаз боламын», – дейді.

Роберт Кошевой, оқушы:

- Сыңарыммен бір балабақшаға бардық. Қазір бір партаға отырамыз. Сабақта бір-бірімізге білгенімізді айтып отырамыз.

Маргарита Кошевая, оқушы:

- Бауырым мені үнемі қолдап, көмектесіп жүреді. Орыс тілі және әдебиет пәнін ерекше ұнатамын.

Ақтаудағы №10 мектепте 2213 бала оқиды. Ұстаздар: «Түрлі сыныпқа барған 30 егіздің сабақ үлгерімі жақсы», – деп отыр.

Гүлжан Мәдиева, бастауыш сынып мұғалімі:

- Мектепте алғашқы жұмысты 1983 жылы бастадым. Сол уақыттың өзінде менде егіз балалар болды. Енді биылғы оқу жылы да ерекше болды. Біздегі қазақ-орыс сыныбында 7 егізіміз бар.

Тағы бір айта кетерлігі, Ақтауда Қасым мен Жомарт есімді егіз оқушы тұрады. Олар Президент сияқты мамыр айында дүниеге келген. Білімге зерек ұлдар үш тілде еркін сөйлейді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.