Алматыда атом энергетикасын дамыту жолдары талқыланды
«Заманауи технологиялық өзгерістер электр энергиясына сұранысты арттырып отыр. Сондықтан ел экономикасының ұзақмерзімді дамуы, энергетикалық сектордың сенімділігі, экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан атом энергиясына балама жоқ», – дейді сарапшылар.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында ядролық физика, атом энергетикасы және өнеркәсіп саласындағы жетекші ғалымдар атом энергетикасын дамыту жолдарын талқылады.
Бауыржан Ибраев, Орталық Азиядағы New Nuclear Watch Institute консультациялық кеңесінің төрағасы:
- Мен өзім өмір бойы тәжірибені сол атом стансысында алғанмын. 3 мемлекетте атом стансысында ғылыми жұмыстар өткізгенмін. Сондықтан атом стансысының пайдасын өзім жақсы білемін. Соған қарағанда ғылыми жағынан, индустрия жағынан, экономика жағынан өте үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
«Референдум – жалпыұлттық ауқымдағы шешімдер қабылдаудың заңды тәсілі», – дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина. Шара барысында АЭС құрылысына байланысты жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері жария етілді.
Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:
- 20 тамыздың шамасында берілген мәліметтерге сәйкес шамамен халықтың 53%-і бүгінде атом электр стансысын құруға байланысты өздерінің қолдауларын көрсеткен. Соңғы қыркүйек айындағы мәлімет – 60%. Яғни, 53-тен 60-қа дейінгі халықтың пікірі басым болып келе жатқанын көріп тұрмыз. Бұл – сауалнама нәтижесі.