2024 жылдың соңында қазақша ауқымды тілдік модель әзірленеді
Елде жасанды интеллект мүмкіндіктерін жетілдіру ісі қарқынды жүріп жатыр.
Мәселен, жыл соңында қазақ тілінің ауқымды тілдік моделі дайын болмақ. «Егер ол іске қосылса, қазақша контент көбейеді», – дейді жоба жетекшілері. Бұл жүйе несімен пайдалы және қандай мақсатта пайдаланылмақ?
Каз ЛЛМ тілдік жүйесі сізбен қазақша сөйлесіп, қалаған ақпаратыңызды тауып береді. Мәселен, сіз әлем немесе Қазақстан жайлы кез келген сұрағыңызға жауап ала аласыз.
Бұл жүйе қазақ тілінен бөлек, ағылшын, орыс, түрік тілдеріндегі ақпараттарды өңдей алады. Жобаны жасанды интеллект институты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ұлттық ақпараттық технологиялар мамандары әзірлеп жатыр.
Ұлжан Бисеринова, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының жоба жетекшісі:
- Жалпы біз осы институтта жасанды интеллектіні қолданып, көптеген модель жасаймыз, бірақ ол модельдердің барлығын тек қана академиялық тұрғыда қарастырамыз. Мысалға, ғылыми мақала жазып, тек қана ғылыми көпшілікке көрсете аламыз. Бірақ қарапайым адамдар оны қолдана алмайды. Сондықтан осы АІ модельдері қарапайым халыққа қолжетімді болу үшін осындай өнім жасадық.
Қазақша тілдік модель үшін қазір деректер жиналып жатыр. Яғни ол – қазақша сөздер қоры. «Бұл – жүйені жетілдірудегі басты әрі күрделі жұмыс», – дейді әзірлеушілер.
Мадина Абдрахманова, ISSAI институтының өнім және сыртқы байланыстар жөніндегі бас директорының орынбасары:
- Біз қазір 8 миллиард параметрі бар алғашқы модельді жасап жатырмыз. Оған салынатын деректер саны 4 есе көп болуы керек. Яғни шамамен 8 миллиардтық модель үшін бізде 80 миллиардтан астам деректер, дәлірек айтсақ, сөздер болуы керек.
Отандық тілдік модель қауіпсіздік үшін де аса қажет. Біз шетелдік чат-боттарды пайдаланған сайын өзіміз жайлы деректерді сыртқа шығара береміз. Бұл әсіресе мемлекеттік ұйым қызметкерлері үшін қауіпті болуы мүмкін.
Гизат Маханов, IT маманы:
- Қазір біз қолданып жүрген Siri болсын, Алиса болсын, көп қой қазір. Оның барлығы шетелдік. Біздің сөйлеп жатқан сұрақтарымыз, жауаптардың барлығы басқа елдерде жиналады. Олар біз туралы бәрін біледі. Сондықтан егер де тілдік модель өнімдері Қазақстанда болса өте жақсы, себебі ол біздің Қазақстанның территориясында, өз мамандарымыздың қарауында, елдегі органдар қарап отырады қауіпсіздігіне. Болашақта бұл – ұлттық қауіпсіздікке керек нәрсе.
Жасанды интеллект өмірімізге дендеп еніп кетті. Алдағы уақытта бұл технологияны тек игілікке пайдалана білуіміз керек. Сондықтан елде жасанды интеллектінің дамуы заңдық тұрғыда реттелмек. Үкімет қазір арнайы заң жобасын қарастырып жатыр.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Жарқын Өрден, Ғалымжан Абдылахат.