Маңғыстау облысында ауыл мұғалімі сабағын экскурсия түрінде өткізіп жүр
Маңғыстау облысында ауыл мұғалімі күнделікті сабағын экскурсия түрінде өткізіп жүр, деп хабарлайды 24kz.
Баянды елді мекеніндегі жалғыз мектепте шағын музей бар. Оған өңірдің қасиетті орындарының макеттері қойылған. Құралай Нұртайқызы тарих пәнін көбіне осында өткізеді. Әр дәрісін жоғары сынып оқушылары асыға күтетін ұстазбен сол өңірдегі арна тілшісі Талғат Исламұлы тілдесіп келді.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Кезекті сабақ «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне арналды. Рухани нысан Маңғыстаудың ең биік шоқысында, теңіз деңгейінен 532 метр биікте орналасқан. Дәл осы кешеннің шағын макеті Баянды мектебі музейінде тұр. Құралай Нұртайқызы оқушыларға жылда тау басына Ұран оты неліктен жағылатынын түсіндірді. Ертеде батырлар осылай белгі беру арқылы қол жинап, жаудың бетін қайтарғаны оқушыларға зор әсер қалдырды.
Бақсейіт Нұрболат, оқушы:
- Қазақстанның тарихын, әлемнің тарихын бізге үйретіп, білім нәрімен сусындатқанына үлкен рахмет айтамын. ҰБТ-ға да дайындықта Құралай апайдың рөлі өте зор болды.
Гүлнәр Мұхамедова, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Оқушылардың Қазақстан тарихы пәнін ашып, үзілістің кезінде оқып отырғанын талай рет көргенмін. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасты сақтай отырып, бала жүрегіне жол тапқан ұстаз деп айтар едім.
Құралай Қамысбайдың педагогика саласындағы жалпы еңбек өтілі 35 жылдан асыпты. Соның 29 жылын Мұнайлы мектептерінде өткізгенін есіне алды. «Ұстаз баланың білімге деген құштарлығын оятып, тұлға болып қалыптасуына жетелейтін нағыз еңбек адамы», - дейді ол.
Құралай қамысбай, тарих пәнінің мұғалімі:
- Еңбекке деген жауапкершілікті, еңбекқорлықты баланың бойына сіңіретін бұл мұғалім. Екіншіден, кез келген мамандық иесі бірінші мұғалімнің алдынан өтеді. Сондықтан әрі қарай ол бала еңбек жолына қалай жауапкершілікпен қарайды, ол мұғалімнен алған тәрбиесіне тікелей байланысты.
Баянды мектебінде Құралай Қамысбайдың бірнеше шәкірті жұмыс істейді. Келер жылы оқу бітіретін түлектердің кейбірі ұстазының ізгі жолын жалғастырмақ ниетте.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев