Атырауда «Фариза оқулары» өтті

Оқуларға 8 бен 11-сынып оқушылары қатысты.

50-ге жуық оқушы бақ сынаған шығармашылық жобасы туралы әріптесім тарқатады.

"Фариза оқулары» байқауы алдымен Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. 

Кейін аудандық және қалалық кезеңде оза шығып, облысқа жолдама алған 50-ге жуық қатысушы Абай орталығында үш бағыт бойынша бағын сынады. Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, сөзіне жазылған әндерді орындады. Сондай-ақ Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы тақыбырында суретшілер сайысы өтті. Жеңімпаздарға дипломдар табысталып, сыйлықтар берілді.

Қалида Оңдасын, қатысушы:

- Көбіне өлеңдерінің барлығы өзінің туған жері туралы немесе өлеңге деген махаббаты туралы айтылған. Соған мен көбіне суретке мынадай символдар салдым музыкалық. 

Өскелең ұрпақты елдікке тәрбиелеп, шығармашылық қабілетін шыңдайтын байқау 4 жылдан бері ұйымдастырылады. Бүгінге дейін 200-ден астам мектеп оқушысы қатысқан. 

Алмас Оңғарсынов, Ф.Оңғарсынованың ұлы:

- Ақынның екі өмірі болады, дейді ғой. Мынау жалғасы деп білеміз. Жастардың арасында, соның ішінде мектеп балаларының арасында көп насихатталса, әрине қуантады. Бәріне сәттілік балаларға. Жемістері көп болсын. Апаларының әруағы қолдап жүрсін деген тілек бар.

Жанар Сәрсенғалиева, таланттарды анықтау және қолдау орталығы директорының м. а:

- «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ демеушілік жасап, жүлделі орын алған оқушыларға бағалы сыйлықтарды табысталды. Оқушыларымыз үшін Фариза апамыздың өлмейтін ізгі мұрасын әрі қарай жалғастыруға, әрі де өздерін дамытуға үлкен мүмкіндік береді, үлкен қолдау болады деп мен есептеймін. 

Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады. Ақынның есімін ұлықтау мақсатында өңірде еске алу кештері өткізіледі.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов