Тараздық оқушылар құқықтық білім беретін сайт жасады

Тараздық оқушылар құқықтық білім беретін сайтты жасап шықты.

Анар мен Балжан есімді 10 сынып оқушылары жобаны дайындауға 1 жыл уақытын жұмсаған. Баламасы жоқ хостингке құқық қорғаушылар қызығушылық танытып отыр. Сайттың ерекшелігі неде?

Анар Жұмахан мен Балжан Асхат Тараз қаласындағы №45 мектепте оқиды. Олар «Қалқан» деп аталатын жобаны бір жыл бұрын қолға алған. Сайт 4 аудиторияға құқықтық білім беріп қана қоймай, буллингтің алдын алуға мүмкіндік береді. Мәселен анимациялық бөлім 5-7 сынып оқушыларына арналған. Онда заң нормалары анимация мен комикстер арқылы түсіндіріледі. Ал 8-9 сынып оқушыларына, чат-боты жасалған. Жасөспірімдер кез-келген сұрағын немесе шағымын сонда жаза алады. Сонымен қоса жоғары сынып оқушылары мен ұстаздарға, ата-анаға арналған батырмалар бар.

Балжан Асхатқызы, 10-сынып оқушысы:

- Сайт ең алғаш оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыруға көмек береді. Одан кейін тек қана оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де ата-аналарға да мұғалімдерге барлық сабақ өту чеклисттері осы сайтың ішінде бар. Оқушылар бұл сайт арқылы тікелей АІ яғни жасанды интелектке өзінің сұрақтарын қою арқылы тікелей құқықтық сауаттылықпен байланысты жауаптарын ала-алады.

Аймақта жасөсіпірімдер қылмысы өршіп тұр. Мәселен былтырғы оқу жылының өзінде құқық қорғаушыларға оқушылардан буллингке байланысты 700 ге жуық хабарлама келіп түскен. Биыл 9 айда түрлі қылмысқа барған 60 жасөсіпірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұндай жағдай құқықтық жауапкершілікті білмегеннен болады, - дейді полицейлер. Сондықтан оқушылар жасаған ақпараттық жүйені қолдауға әзір. 

Әлішер Қалышев, облыстық ПД ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы:

- Біздің көңілімізден шығып отыр. Алдағы уақытта полиция қызметімен және жобаға қатысты барлық мекемелермен, органдарды жұмылдыра отырып осыған ұсыныстар енгізіп өзіміз жақтан барлық көмек көрестеміз деген ниетіміз бар. СКЛ Әкімшілік құқық бұзушылық кодекс бойынша және қылмыстық, азаматтық, неке және отбасы заңын, барлық ата-анаға қатысты және жасөспірімдерге қатысты барлық түсіндірме қосу керек. 

Жыл басынан бері облыстағы ювеналды полиция қызметі 6 мыңға жуық профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Мамандар баламен қанша жұмыс жасағанымен, тәрбиенің басым бөлігін ата-анадан алған абзал, - дейді психологтар.

Айжан Түктібаева, облыстық ПД аға инспектор психологы:

- Буллингтің алдын алудың ең басты қорғанысы ол ата-анадан. Ата-ананың махаббаты, ата-ананың көңілі, ата-ана мен баланың ашық ойын айта алуы. Эмоционалды контакт. Сол сияқты сенімді қарым-қатынас орната білулері. Баланың ашық түрде сөйлесуге мүмкіндік жасау керек.

Биылдан бастап жасөспірімге әлімжеттік көрсеткендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 15-сәуірде заңнамаға булинг және кибербуллинг бабы енгізілді. Қазірдің өзінде аймақта заң бұзған 3 оқушы есепке алынып, ата-анасына айыппұл салынды. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә