Шахмат 47 мектепте пән ретінде оқытылады

Ұлытау облысындағы мектептерде шахматтың пән ретінде оқытылып жатқанына екі жыл өтті.

Осы уақыт аралығында ақыл-ой спорты саналатын ойын балалар арасында кең насихатталды. Қазір өңірде бастауыш сыныптағы мың жарым оқушы шахмат негіздерін игеріп жатыр.

Елде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарына сай облыс мектептерінде әуелі үйірме түрінде ашылған. Кейін ата-аналар мен оқушылардың ұсынысы бойынша қосымша сабақ ретінде берілді. Қазір 47  мектепте шахмат пәні аптасына бір сағаттан оқытылады.

Қарлығаш Мүшенова, Білім басқармасының бас маманы:
- Облыста 47 мектепте оқу жоспарына вариативті компонентпен 1-9 сыныптарда шахмат курсы енгізілген. Ол жерде мың жарым бала қамтылған. Былтырғы жылы бізде 38 мектепте болса, биыл 47 мектепте. Биылғы жылы 11 мектепте бастауыш сынып мұғалімдері бірінші классқа шахмат үйірмесінен сабақ береді.

9 сынып оқушысы Інжу Бақытжан былтырдан бері шахматтан қосымша сабаққа барады. Жетістіктері де аз емес. Облыстық турнирде екі рет жүлдегер атанды. Қазір төменгі сынып оқушыларына шеберлік сағатын ұйымдастырады.

Інжу Бақытжан, оқушы:
- Әр сабаққа қатысқан сайын қызығушылығым артып келеді. Шахматты қатардағы пән ретінде ғана оқымай, болашақта терең меңгерсем деймін. Себебі, ол адамның ой-өрісін дамытады. Мысалы мен кез келген жағдайда екі қадам алға ойлап тұрам.

Шахмат пәнінің мұғалімі Данияр Ермағанбетов оны оқыту методикасын жасап шығарған. «Оқушының шахматқа қызығушылығын арттыру үшін түрлі әдістер қажет», - дейді ол. Әсіресе, бірінші сынып оқушыларын баулу оңай емес.

Данияр Ермағанбетов, шахмат пәнінің мұғалімі:
- Ата-ана баласын шахмат сабағына бергенде, мықты шахматшы болсын деп ойламайды. Оларға жақсы оқушы болғаны маңызды. Себебі оның пайдасы мол.

Білім басқармасы болашақта шахматты қосымша сабақ ретінде өңірдегі барлық мектепке енгізуді жоспарлайды. Оқытушыларды дайындау мақсатында шахмат федерациясымен бірлескен онлайн курстары қолға алынды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов