Ұлттық құрама алғаш рет Халықаралық тарих олимпиадасына жолдама алды
Республикалық тарих олимпиадасында топ жарған 6 оқушы келесі жылы Парижде өтетін Халықаралық тарих олимпиадасына жолдама алды.
Ұлттық құрама өкілдері әлемдік деңгейдегі білімділер байқауында алғаш рет бақ сынайды. «Зияткер» жастар ұйымы өңірлерде екі кезеңнен тұратын іріктеу сайысын өткізді. Нәтижесінде үздік 30 оқушы ақтық сынға шықты. Сайыс тарихқа әуес талантты оқушыларды қолдау және халықаралық жарыстарға қатысатын Қазақстан құрама командасын жасақтау мақсатында өткізілді. Шара Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Назарбаев зияткерлік мектебі және Республика партиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Аянат Жамбылова, ұйымдастырушы:
- Ең бірінші турда бізде 1 400-ден астам оқушы қатысты. Екінші турда 300-ден астам оқушы және осы үшінші турға ең мықтылардан 30 адам жиналды. Біз тарихты жақсы көріп және жасөспірімдердің арасында тарихты дамыту және таныту үшін тек қана студенттік инициативамен осы олимпиаданы ұйымдастырдық.
Қанат Нұрғанат, олимпиада жеңімпазы:
- Әсерім өте керемет. Жазда, шілде айында осы жарысты естігеннен бастап қызу дайындықта болдым. Яғни бұл менің кейін халықаралық қатынастар өкілі болу арманымды жақындата түсетін баспалдақтардың бірі болып табылады. Мен қазір Парижге жолдама алу арқылы өз арманымды шындықпен жанастыра алдым деп ойлаймын.