Астаналық оқушылар бірнеше жыл бойы көрші ауданға қатынап оқып жүр

Астаналық ата-аналар бірнеше жылдан бері балаларын көрші аудандарға тасып оқытуға мәжбүр.

Ал екі жыл бұрын қолданысқа берілуі тиіс мектептің құрылысы аяқталар емес. Мердігерлердің уәдесінен әбден шаршаған тұрғындар құзырлы органдардан тиісті компанияны жауапқа тартуды сұрайды. Ашынған азаматтардың уәжін әріптесім Серік Селеубайұлы тыңдап қайтты.

- Мы устали уже. Сколько лет мы школу ждем? Уже дети выросли, студентами стали.

Өндіріс шағын ауданының тұрғындары 2022 жылдан бері жаңа мектептің ашылуын күтіп жүр. Себебі мың жарым оқушы мұндағы мектептерге сыймайды. Сондықтан басқа аудандарға қатынап оқуға мәжбүр. Былтыр маусымда тапсырылуы тиіс нысанның құрылысы әлі бітпеген. Мердігерлер бірнеше рет ауысып, мерзімінен кешіккен мектепті балалар зарығып күтумен жүр. 

Қарлығаш Набиулина, қала тұрғыны:

- Физика кабинеті жабдықталмаған. Химия, алғашқы әскери дайындық, технология сабақтарына керек құралдар әлі толық алынбаған. Тоғыз станоктың орнында үшеу ғана тұр. Тігін машиналары жоқ. Акт залы да жабдықталмаған. Балалар қалайша екінші тоқсанда да осында оқиды?

Ал жауапты мердігерлер құрылыс жобасында кінәрат барын жасырмады. Сол себепті құжатқа бірнеше рет өзгеріс енгізуге мәжбүр болған. Соңғы рет шатыр жабындысы жобасын қайта жасатқан екен.

Қанат Әубәкіров, жоба жетекшісі:

- Августің аяғында болды ол. Сентябрьге үлгермейтін болдық. Сосын перенесли екінші тоқсанға. Үшінші ноябрьға кіргіземіз деп ойлап отырмыз. Енді полностью перерасчет жасап, басқа проект алып осы фермаға, басқа ферма заказ беріп, қандай ферма керек екенін, мягкий, облегченный. Қазір жасап жатырмыз. 

Жобаға қаржының дұрыс бөлінбеуі де қолбайлау болды дейді құрылысшылар. Мердігерге өз қаражатын жұмсауға тура келген көрінеді. Ал мәселенің мән-жайымен танысқан "Аманат" партиясының өкілдері нысанның уақытылы тапсырылуын қадағалайтынын жеткізді.

Мирас Шекенов, "Amanat" партиясының бақылау комитетінің мүшесі:

- Мердігерлер бізді де, тұрғындарды да уәдеге тойдырып келеді. Егер құрылыс тағы да кешіксе бас мердігерге партия атынан тәртіптік жаза қолданамыз. Әкімдікке де хат жолдаймыз. Себебі, бұл жерде құрылыс басқармасының да кінәсі бар. Олар құрылыс созылмауы үшін туындаған мәселелерді шешуге міндетті.

Партия өкілдері тұрғындарды келер аптада тағы бір рет жиналып, атқарылып жатқан жұмысты бірге қадағалауға шақырды. Себебі асығыс жүрген құрылыс білім ордасының сапасына әсер етпеуі керек.

Серік Селеубайұлы, Сұлтан Қораз