Шалғайдағы ауыл мұғалімі шетелден шақырту алды
Қарағанды облысының шалғай ауылында сабақ беретін ұстаз өзінің озық тәжіриесімен бөлісу үшін шетелге шақырту алды.
«Үздік сынып жетекшісі – 2024» республикалық байқауында жүлдегер атанған Анна Колтунова Нұра ауданының Ахмет ауылындағы мектепте информатика пәнінен екі тілде сабақ береді.
Анна Колтунова осы Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің түлегі. 2014 жылы Жоғары оқу орнын бітіріп, туған жерге оралған. Қазір информатика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.
Анна Колтунова, информатика пәнінің мұғалімі:
- Мен Ахмет ауылында тудым. Осы мектепте оқыдым. Екі тілде сабақ беремін. Қазақ тілін балалармен бірге үйреніп жүрмін. Үздік сынып жетекшісінің байқауында екі тілде жобалар дайындадым.
«Үздік сынып жетекшісі – 2024» байқауының облыстық кезеңіне 5 мың ұстаз қатысқан. Соның 312-і іріктеліп республикалық кезеңде бақ сынады. «Біртұтас тәрбие» тақырыбында өткізілген жарыста Аннаның инновациялық технологияға сүйенген әдістемесі жоғары бағаланып, жүлделі болды. Мысалы, мына «Сыр сандық» жобасы аясында жасалған электронды кітапты QR кодты енгізу арқылы шолып шығуға болады. Мұнда Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы, Ахмет ауылы төңірегінде үстаздық етіп, мектеп ашқан кездері жөніндегі ақпараттар және шығармалары қамтылған.
Лаура Ишанқұлова, С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің психологы:
- Мектепте біртұтас тәрбие беру бағдарламасы бағытында қазақтың құндылықтарына қатысты көптеген мәліметтерді оқыту үшін көптеген қызықты әдіс-тәсілдерді өзі ойлап тауып, балалармен жұмыс жасайды. Әр сабағын қызықты өткізгеннен кейін балаларыдң арлығы жақсы көреді. Еңбегін бағалап, сабағына белсенді келіп отырады.
Анна мектептен тыс әлеуметтік желіде өзінің парақшасын жүргізеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде оқырманы баршылық. Тіпті өзінің оқыту әдістемесімен бөлісу үшін шетелге де бірнеше мәрте шақырту да алыпты.
Атымтай Балабиев, С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры:
- Тек ғана Қазақстан емес, мына Ресей, СНГ елдерінен, оның сыртында мына Еуропа елдерінен Венгриядан, Сербиядан, Грузиядан қызығушылық білдіретіндер бар. Мына Белоруссияның бір элитный мектебі шақырды да келіңіз, бізге семинар өткізіңіз деп.
Осылайша шалғай ауылдағы шағын мектепте сабақ беретін ұстаздың есімі шартарапқа мәшһүр. Аннаның мақсаты мектепке оқытудың тиімді әдістері мен инновациялық тәсілдерін енгізуге барынша үлес қосу.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар