Алматыда «Дербісәлі оқулары» конференциясы өтті

Алматыда алғаш рет «Дербісәлі оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды 24KZ. Оған Қытай, Корея, Египет, Түркия, Орталық Азия мен Араб елдерінің елшілік өкілдері мен ғалымдары қатысты.

Белгілі дінтанушы, әдебиет зерттеуші Әбсаттар қажы Дербісәлі түркітектес ғұлама ойшылдардың атын жаңғыртты. Шетелдік архивтер мен қолжазба қорлардан мұраларын тауып, ғылыми айналымға енгізді. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің негізін қалады. Дербісәлінің басшылығымен урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары ашылды. Сөйтіп, республика өте зәру шығыстану ғылымы саласының ұлттық мамандарын даярлауға белсене атсалысты.

Шынар Қалиева, филология ғылымдарының кандидаты:

- Руханият, исламтану, әдебиет саласындағы мол мұрасын ары қарай шәкірттеріне таныстырып, қазіргі ғылыми ортаға таныстырып, оны ары қарай насихаттауға өз еңбегімізді арнаймыз. Ол біздің абыройлы борышымыз деп санаймыз.