69 жастағы Түркия азаматы Қазақстанда білім алып жүр
69 жастағы Түркия азаматы Қожа Ахмет Ясауи университетінің ең егде студенті атанды, деп хабарлайды 24kz.
Ыстанбұл қаласының тұрғыны Кадрие Ышыклы қазақ тілін үйреніп, мәдениетімізбен танысу үшін Түркістанға оқуға келген. Қазір оқу орнының дайындық орталығында білім алып жүр. Кадрие ханымның Қазақстанға келгеніне 1,5 ай болса да, мемлекеттік тілді түсіне бастады. Ол оқып жатқан дайындық орталығында, университеттің ішкі грантына ие болған 200-ден астам шетелдік оқиды. Олар 2 семестр бойы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін үйренеді. Үш баланың анасы бұған дейін Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша білім алып, әлемнің 20-ға жуық еліне саяхаттапты. Ендігі мақсаты – Орталық Азия елдерімен етене танысу. Сондықтан мұнда да «Туризм» мамандығы бойынша білімін жалғастырмақ.
Кадрие Ышыклы, университет студенті:
- Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Маған түркі елдерінің мәдениетімен танысқан ұнайды. Алдымен қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жақсы танысқым келеді. Одан кейін өзге де бауырлас елдердің тілін меңгеріп, сол елдерге де саяхаттап барғым келеді. Мені Қазақстанға сол арман жетелеп келді.