Президент А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатын мерейтойымен құттықтады
Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының ашылғанына биыл 60 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.
Осыған орай мектептің дарынды шәкірттері гала-концерт берді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұжымға арнаған құттықтау хатын жеткізді.
«Халқымыздың біртуар перзенті Ахмет Жұбановтың бастамасымен ашылған білім ордасы бүгінде дарынды балаларды тәрбиелеудің өзіндік дәстүрін қалыптастырған іргелі оқу орнына айналды. Сіздерге қазақтың музыка өнерін дамыту жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін» - делінген құттықтауда.
Оқушыларды музыкаға баулуда ұстаздардың еңбегі зор. Мерейтойға орай бүгін бірқатар маман «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мектеп-интернаттан 60 жыл ішінде мыңға жуық музыкант түлеп ұшқан.
Нұркен Әшіров, А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернат директоры:
- Ғылыми тәжірибелік конференциялар болды, талай шеберлік сабақтары, тағы басқа арнайы тақырыптық концерттеріміз өтті. Одан бөлек, 60 жылдықтың аясында Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық конкурсымыз өтті. Шетелден қонақтар келді, қатысушылар келді. Сондай үлкен жоғары деңгейде өтті.