Қазақстандық оқушылар робототехникадан дүниежүзілік олимпиадада топ жарды

Қазақстандық оқушылар Түркияның Измир қаласында өткен Дүниежүзілік робототехника олимпиадасында жүлделі орыннан көрінді, деп хабарлайды 24KZ. Додаға әлемнің 90 елінен 3500 жас инженер қатысты. Қазақстандық «Роботек» ұжымы осы саладағы көшбасшы мектептермен бәсекеге түсті. Әрі әлемнің үздіктерімен ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

World Robot Olympiad – робототехника бойынша әлемдегі ең беделді чемпионаттардың бірі. Биыл дода Түркияның Измир қаласында өтті. Жарысқа қазақстандық жас ІТ мамандары да қатысып, көпшілікке өз шеберліктерін көрсетті.

Аңсар Сауырбаев, «Роботек» мектебінің оқушысы:

- Менің ойымша, мұндай олимпиадалар жас роботехниктерге мамандық таңдауда айтарлықтай көмегін тигізеді. Болашақта мен Қазақстандағы көптеген кәсіпорынға автоматтандыру жүйесін енгізгім келеді.

Дүбірлі додада тұңғыш рет «Digital Kazakhstan» атты қазақстандық робототехника күні өтті. «Роботек» шаңырағында еліміздің STEM-білім берудің тың тәсілдері мен жетістіктері таныстырылды. Қазақстандық компания  робототехника саласы бойынша әлемдегі көшбасшы мектептер және клубтармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Санжар Шалқарбеков, «Роботек» компаниясының бас директоры:

- World Robot Olympiad тарихында тұңғыш рет «Роботек» дүниежүзілік финал аясында қазақстандық робототехниканың «Digital Kazakhstan» күндерін ұйымдастырып, чемпионатқа қатысқан жүзден астам елдің өкілдеріне отандық STEM-білім берудің жетістіктерін таныстырды.

Латын Америкасы елдері, Венгрия, Вьетнам және басқа да мемлекеттерден келген робототехника саласының мамандары Қазақстанның тәжірибесіне жоғары баға берді. Көбі келесі жылы Астанада өтетін «Robotek Grand Tournament» халықаралық чемпионатына қатысуға ниет білдірді.

Марвин Кастильо, панамалық «Fundesteam» компаниясының атқарушы президенті:

- «Роботек» компаниясы Қазақстандағы робототехника саласының көшбасшысы екенін білеміз. Сондықтан Латын Америкасындағы балалар алдағы олимпиадаларда жақсы нәтижеге қол жеткізуі үшін өзара тәжірибе алмасқымыз келеді.

Клаус Кристенсен, World Robot Olympiad бас хатшысы:

- Робототехника – өте маңызды сала. Меніңше, бұл өркениетті дамыту, күрделі мәселелерді шешуде аса қажет.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша олимпиаданың басты тақырыбы биыл да БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына арналды. Сондықтан «Жер-Ана қамқоршылары» деген атаумен басталған шара Жер жанашырларының біріктіруге бағытталды.