Үш жылда 2,5 мың ауыл мектебі жаңғыртылды

Алдағы уақытта елімізде 800 ауылдық мектеп жаңғыртылады, деп хабарлайды 24KZ. Соңғы 3 жылда осындай 2,5 мың нысан жөнделген. Ал елді мекендерде 42 білім ордасы салынды. Бас-аяғы 2027 жылға дейін шалғай аймақтарда 180-ге жуық білім мекемесі бой көтереді. Бұл туралы Премьер-министр айтты.

Олжас Бектенов бастаған Үкімет мүшелері бүгін ауылдағы мектептердің әлеуетін арттып, ондағы білім беру сапасын жақсарту ісін талқылады. Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев шағын жинақты мектептер үшін оқытудың жаңа моделі енгізілетінін мәлімдеді. Ол Ақтөбе облысында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы табысты іске асырылғанын айтты. Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысқан. Алдағы уақытта бұл бастаманың игілігін енді қалған өңірлер де көреді.