Шымкентте «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының қалалық кезеңі өтті

Шымкентте «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының қалалық іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды 24KZ. Интеллектуалдық ойынға 37 оқушы қатысып, білім деңгейін көрсетті. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі» АҚ бірлесіп ұйымдастырған білім байқауының алғашқы кезеңінде жүзден астам үміткер өтініш білдірген болатын. Енді жалпы айналымда үздік шыққан 5 оқушы республикалық жарысқа жолдама алды.

Зияткерлік сайысқа мамандандырылған мектептің кіл мықтылары жиналды. Алғашқы іріктеуден сүрінбей өткен оқу озаттары үш кезеңнен тұратын интеллектуалдық ойында бақ сынады. Әуелі түрлі сұрақты қамтыған 90 минуттық тестілеуге қатысып, тыңғылықты дайындығын көрсетті. Білім жарысының жауапкершілігі мен маңыздылығын жақсы білген оқушылар ұпай түгелдеді.

Әділ Құдайберген, оқушы:

- 5-6 пәннің аралас сұрақтары келді. Мысалға алсақ, математикадан 5-6 сұрақ келді, информатикадан 5-6 сұрақ және география. Менің ойымша, өз білім деңгейімді көрсете алдым және екінші кезең үміткерінің бірі есептеймін.

Қатысушылар пәндік сұрақтарға жауап беріп, спорт, мәдениет, экология мен экономика бағытында да білім деңгейін сынады. Үзілісте өзара пікір алмасып, дос арттырды.

Меруерт Серкебай, оқушы:

- Осындағы барлық оқушыларды жарыстардан көргенмін. Көптеген дебатерлер бар екен. Білімді оқушылар әрдайым алда немесе көзге түсіп жүруі керек. Яғни, өздерінің білімдерін шыңдап, әрі қарай дамытуға тырысу қажет. Дайындығым жақсы. Интеллектуалды білім болғандықтан, ол жерде тек табандылық пен тез шешім қабылдау рөл ойнайды. Өзімізді шыңдауға тұрарлық сайыс.

Зияткерлік ойында оқушылардың білімдерімен қатар ой ұтқырлығы да сыналды. Ұяшықта жасырылған сұрақтардың күрделігіне қарамастан аз уақытта дұрыс әрі нақты жауап беруге тырысты.

Сымбат Балғаева, қалалық Дарын орталығының әдіскері:

- Балалардың білім деңгейі жақсы. Орта балмен есептегенде 60 сұрақ қойылып жатыр. Оның қырқына жауап берген балаларымыз көп. Бұл балалар республикалық кезеңде топ жарып шығады деп үміттеніп отырмыз.

Раушан Жеренова, қалалық Дарын орталығының басшысы:

- Дарынды оқушылар қатысып жатыр. Осы бірдеңгейлі ортада бір-бірімен бақ сынайды. Білім бәсекесі бұл. Бұл өте қажетті дүние. Себебі бала осы ортада өз білімін, өз деңгейі мен мүмкіндіктерін іске асырады. «Хабар» агенттігі дарынды балалар үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр. Себебі бұл ойынды дарынды оқушылар өте күтеді.

Тартысқа толы болған білім бәсекесінде 5 оқушы жеңімпаз атанды. Даяна Мырзағали, Ақзере Сейдаханова, Нұрмұхамед Жиембай және Диана Бақытбек пен Бақдәулет Сабыр республикалық кезеңге жолдама алды. Енді олар елдің түкпір-түкпірінен жиналған үздіктермен бақ сынасып, аймақ абыройын қорғайтын болады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.